Қазақстан біртіндеп Euronews телеарнасының жаһандық ақпараттық күн тәртібінің маңызды бөлігіне айналып келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Euronews Astana бюросының жетекшісі Боян Бркич мәлімдеді.
Оның айтуынша, осы уақытқа дейін телеарнаның негізгі мақсаты Қазақстанды халықаралық аудиторияға таныстыру болды. Euronews хабарларын көретін әлемнің 140 еліндегі көрермендерге еліміздің табиғаты, мәдениеті, туристік әлеуеті және инвестициялық мүмкіндіктері туралы кеңінен ақпарат ұсынылды.
Боян Бркичтің мәліметінше, 2025 жылдың тамыз айынан бері Қазақстанның көрікті жерлері, ұлттық дәстүрлері мен заманауи өмір салтын таныстыратын «Modern Nomads» жобасының 43 шығарылымы жарық көрген. Сонымен қатар «Voices from Central Asia» жобасы аясында 20-дан астам бағдарлама дайындалған.
Сондай-ақ бизнес бағытындағы жобалар арқылы халықаралық аудиторияға Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды.
«Бизнес туралы бағдарламамыздың 20-дан астам эпизодында біз шетелдік бизнес-қоғамдастыққа Қазақстанға инвестиция салудың неліктен тиімді, перспективті, қызықты екенін, мұнда елдің дамуына қандай жақсы жағдайлар жасалғанын түсіндірдік. Шетелдік инвесторларға қандай артықшылықтар, қандай ынталандыру жасалатынын көрсетіп, елдегі оң өсу қарқыны туралы айттық. Бағдарламаларда Қазақстанның Еуропамен байланысы, маңызды сауда бағыттарындағы орны және сенімді серіктес ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды», – деді Боян Бркич.
Ол сондай-ақ Euronews-тің қазақ тіліндегі хабар таратуының басталуы жаңа кезеңнің бастамасы екенін атап өтті.
«Қазақ тіліндегі жаңа арнаның ашылуымен біз осы уақытқа дейін атқарған жұмысымызды кері бағытта жалғастырамыз. Яғни Брюссельде дайындалатын халықаралық жаңалықтарды Қазақстандағы аудиторияға ана тілінде ұсынамыз. Бұл жобаның табысты болатынына және қазақ тіліндегі Euronews бағдарламалары Орталық Азиядағы ең ірі ел – Қазақстан тұрғындарының әрбір шаңырағына жететініне сенемін», – деді Euronews Astana бюросының басшысы.