Бізге жазылыңыз:

FAA сарапшылары Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігін бағалауды аяқтады

FAA сарапшылары Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігін бағалауды аяқтады

Америкалық сарапшылар Қазақстанның авиациялық билігінің халықаралық талаптарға сәйкестігін тексеріп, бағалаудың алдын ала қорытындысын ұсынды

2026 жылғы 21–25 қыркүйек аралығында Қазақстанда АҚШ Федералдық авиация әкімшілігінің (FAA) сарапшылары ұшу қауіпсіздігіне қатысты халықаралық бағалау жүргізді. Халықаралық ұшу қауіпсіздігін бағалау (IASA) аясындағы жұмыс Қазақстанның авиациялық саласындағы мемлекеттік қадағалау жүйесін зерделеуге бағытталды.

Сарапшылардың сапары ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаевпен өткен кездесуден басталды.

Авиациялық қадағалау жүйесі бағаланды

IASA рәсімі барысында FAA мамандары Қазақстанның авиациялық билігінің қолданыстағы ИКАО стандарттары мен ұсынылатын тәжірибелеріне сәйкестігін қарастырды.

Бағалау кезінде авиация саласындағы заңнама мен заңға тәуелді нормативтік актілер, сондай-ақ мемлекеттің халықаралық талаптарға сәйкес ұшу қауіпсіздігін бақылау және қадағалау мүмкіндіктері зерделенді.

Air Astana да бағалауға қатысты

24 қыркүйекте FAA сарапшылары Астанада Air Astana әуе компаниясына жұмыс сапарымен барып, тиісті бағалау жүргізді.

Қазіргі уақытта Air Astana АҚШ Көлік министрлігінен (U.S. Department of Transportation, DOT) Америка Құрама Штаттарына тұрақты рейстер орындауға қажетті экономикалық рұқсат алуға өтініш берген.

Компаниядағы жұмыс сапары IASA бағалау үдерісінің маңызды бөлігі болды. Тараптар оны барлық қатысушылар үшін пайдалы тәжірибе ретінде бағалады.

Алдын ала нәтиже қандай?

25 қыркүйекте FAA сарапшылары Қазақстандағы бағалаудың алдын ала қорытындыларын таныстырған қорытынды ауызша брифинг өтті.

Америкалық мамандар Қазақстанның авиациялық билігі соңғы кезеңде ауқымды жұмыс атқарғанын атап өтті. Алдын ала нәтижелер бойынша бірқатар бағытта оң көрсеткіштер тіркелген. Сарапшылар мұны ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесін дамыту бағытындағы жүргізілген жұмыстармен байланыстырды.

Бұл ретте бағалаудың түпкілікті нәтижесі әзірге шығарылған жоқ.

Қазақстанға Category 1 мәртебесі беріле ме?

IASA рәсіміне сәйкес, келесі кезеңде FAA Қазақстанның авиациялық билігіне бағалау нәтижелері бойынша ресми хабарлама жібереді. Бұдан кейін анықталған мәселелер бойынша түзету шараларын талқылауға арналған консультациялар өткізіледі.

Осы рәсімдер аяқталғаннан кейін FAA Қазақстанға Category 1 мәртебесін беру мәселесі бойынша шешім қабылдайды.

Бұл мәртебе қазақстандық әуе тасымалдаушылардың АҚШ-пен тікелей әуе қатынасын ашуға қажетті әрі қарайғы рәсімдерден өтуі үшін реттеушілік негіз қалыптастырады.

Ұқсас материалдар