Бізге жазылыңыз:

20 жылдық ескі көліктердің саудасы автонарықта тоқтайды — сарапшы

20 жылдық ескі көліктердің саудасы автонарықта тоқтайды — сарапшы

Қазақстан автокөлік одағының президенті Анар Мақашева еліміздің көлік нарығында соңғы жылдары қандай өзгеріс болғанын айтып берді. Оның сөзінше, қазір қазақстандықтар арасында ескі көліктерге қарағанда жаңа темір тұлпарға сұраныс жоғары.

— Бүгінгі күні еліміздің азаматтары жаңа көлік тізгіндеп, ескі көлігін жаңасына ауыстырғысы келеді. Бұл жақсы. Мінілген көліктердің сатылуы 2 жыл бұрынғы уақытқа қарағанда әлдеқайда азайған. Бірақ оған тек Қытай көліктерінің нарыққа кіруі әсер етті дей алмаймыз. Жалпы елімізде жаңа көліктер көбейіп, олардың бағасы төмендеді. Көліктердің барлық түрі бойынша, мейлі ол седан және жол талғамайтын көлік болсын, ұсыныс көбейді. Тиісінше, екінші нарықтағы бағалардың төмендеуіне әсер етті, — деді ол.
Сонымен қатар Анар Мақашева 20 жылдан астам уақыт қолданыста болған көліктер алдағы уақытта нарықтан мүлдем шығып қалуы мүмкін екенін атап өтті.

— Бұл тенденцияға қарасақ, алдағы уақытта қатты ескірген көліктер мүлдем сатылмай қалуы мүмкін. Қазір еліміздің автокөлік паркінде 6,4 млн машина бар, оның 86,6 пайызы жеңіл көліктер. Сондай-ақ жалпы көліктердің жартысына жуығы 20 жылдан асқан. Еуропа, Азия, АҚШ-та мұндай көліктер қолданылмайды, олар нарықтан шығып қалады. Қазір біздің қазақстандықтар да осындай көліктерді ауыстыруға ниетті. Еліміздегі тренд соған қарай бет бұрды. Болжам бойынша 20 жылдық көліктер алдағы уақытта нарықта өтпей қалады, бірақ 10 жылдық көліктердің саудасы әлі де тоқтамайды, — деді ол.

Ұқсас материалдар