Бізге жазылыңыз:

Парламент 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті мақұлдады

Парламент 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті мақұлдады

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері мақұлданды.

Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 6,5%-ға өсіп, жалпы ішкі өнім көлемі шамамен 15 млрд АҚШ долларына артқан. Инфляция деңгейі 12,3%-ды құраса, орташа айлық жалақы 442 мың теңгеге жетті. Жұмыссыздық деңгейі 4,6% деңгейінде сақталды.

Мемлекеттік борыш жыл соңында 36,4 трлн теңгені немесе жалпы ішкі өнімнің 22,8%-ын құрады. Ұлттық қор активтері 73,8 млрд АҚШ долларына жетіп, оның 63,9 млрд доллары валюталық активтерге тиесілі болды.

Министрдің мәліметінше, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 2026 жылы әрбір балаға 130,7 АҚШ доллары есептелген. Бағдарлама іске қосылған үш жыл ішінде бір балаға есептелген жалпы сома 370,6 АҚШ долларына жетті.

2025 жылы республикалық бюджеттің кірістері 99%-ға орындалып, 21,4 трлн теңгені құрады. Оның ішінде трансферттерді есептемегендегі меншікті кірістер көлемі 15,3 трлн теңгеге жетті. Салық түсімдері 2,2 трлн теңгеге немесе 17,5%-ға өсті.

Республикалық бюджет шығыстары да 99%-ға орындалып, 25,5 трлн теңгені құрады. Әлеуметтік салаға 9,3 трлн теңге бағытталды. Оның ішінде 5,9 трлн теңге зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге, 2,1 трлн теңге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жұмсалды. Өңірлерді қолдауға 7,7 трлн теңге бөлінді.

Сонымен қатар, 2025 жылы Инвестициялық штаб жалпы құны 70 млрд АҚШ долларын құрайтын 126 инвестициялық жоба бойынша мәселелерді шешіп, тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 14,5%-ға өсіп, 20,5 млрд АҚШ долларына жетті.

Сонымен бірге Жоғары аудиторлық палата бюджетті атқару барысында бірқатар жүйелі мәселелерге назар аударды. Палата төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, мемлекеттік органдардың бюджетті 15% шегінде Парламенттің қосымша қарауынсыз қайта бөлу мүмкіндігі бюджет жоспарлауының ашықтығына тәуекел тудырады. Сондықтан мұндай өзгерістерге шектеу қою және парламенттік бақылауды күшейту қажет.

Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік борышты басқару тетіктерін жетілдіруді, Ұлттық қор қаражатының жұмсалуын толық цифрлық бақылауға алуды және пайдаланылмаған қаражатты қорға міндетті түрде қайтару механизмін енгізуді ұсынды.

Мәжіліс депутаты Еркін Әбілдің айтуынша, бюджет жоспарлауындағы негізгі проблемалардың бірі – салық түсімдерін шамадан тыс оптимистік болжау. Соның салдарынан 2025 жылы салық түсімдері бойынша жоспар 730 млрд теңгеге орындалмай, бюджет кірістері жоспары 336 млрд теңгеге кем орындалған.

Депутаттар сондай-ақ республикалық бюджеттің Ұлттық қор трансферттеріне тәуелділігі сақталып отырғанын атап өтті. Былтыр қордан 5,3 трлн теңге тартылғанымен, 2023–2025 жылдары пайдаланылмаған немесе мақсатсыз жұмсалған 82,8 млрд теңге Ұлттық қорға қайтарылмаған.

Бұдан бөлек, 2025 жылы республикалық бюджетке сегіз рет түзету енгізіліп, жалпы құны 75 млрд теңге болатын 99 инвестициялық жоба қаржыландырудан алынып тасталған. Тағы 38,2 млрд теңгеге бағаланған 14 жоба толықтай қаржыландырусыз қалған.

Депутаттар мемлекеттік борышқа қызмет көрсету шығындарының өсуіне де назар аударды. Соңғы төрт жылда бұл шығындар 2,7 есеге ұлғайып, 2025 жылдың қорытындысында 2,6 трлн теңгеге жеткен.

Сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың тиімділігі мәселесі де көтерілді. 2025 жылы дивидендтер бойынша жоспарланған 259,2 млрд теңгенің орнына бюджетке небәрі 193,3 млрд теңге түскен. Бұл жоспардың 74,6%-ын ғана құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда бес есе төмен көрсеткіш болды.

Ұқсас материалдар