Бізге жазылыңыз:

Мемлекеттік қолдауды цифрландыру кәсіпкерлерге өтінім беруді жеңілдетеді

Мемлекеттік қолдауды цифрландыру кәсіпкерлерге өтінім беруді жеңілдетеді

Қазақстанда мемлекеттік қолдау шараларын цифрландыру кәсіпкерлердің өтінім беру кезіндегі әкімшілік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабековтің айтуынша, бүгінде елде 150 мемлекеттік қолдау шарасы бар. Оның 63-і электронды түрде қолжетімді, ал қалған 87 шараны цифрландыру қажет.

Ведомство қағаз процестерді жай ғана электронды форматқа көшірумен шектелмей, алдымен оларды қайта құруды жоспарлап отыр. Бұл артық қадамдар мен бюрократиялық кедергілерді қысқартуға бағытталған.

Алғашқы кезеңде eGov Business порталына «Бәйтерек» холдингінің мемлекеттік қолдау шаралары шығарылады. Холдингтің еншілес ұйымдарымен жүргізілген реинжинирингтің нәтижесінде кейбір процестер айтарлықтай жеңілдеді.

Мысалы, «ҚазАгроҚаржының» «5% жеңілдікті лизинг» бағдарламасына өтінім беру кезінде бұрын 80-нен астам қадам қажет болса, қазір олардың саны шамамен 30-ға дейін қысқарған. Өтінімді қарау мерзімі де екі жұмыс күнінен 5–10 минутқа дейін азайды.

Келесі кезеңде жүйені eGov Business-пен интеграциялау және мемлекеттік деректерді пайдаланып, өтінімдегі ақпаратты автоматты түрде толтыру жоспарлануда. Бұл кәсіпкерлерге қажетті қолдауға бірнеше қадам арқылы өтінім беруге мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар