Қазақстанда инфляция баяулағанымен, баға тұрақтылығы туралы айтуға әлі ерте. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
Оның айтуынша, өткен жылы экономиканың негізгі сын-қатері жоғары инфляция болды. Осыған байланысты Ұлттық банк пен Үкімет баға өсімін тежеуге бағытталған бірқатар шараларды жүзеге асырды.
– Ақша-кредит саясатының құралдары, макропруденциялық тетіктер және қосымша реттеу шаралары қолданылды. Монетарлық саясаттың тиімділігін арттыру үшін ең төменгі резервтік талаптар механизмі жетілдіріліп, алтын сатып алу операцияларын бейтараптандыру тәжірибесі енгізілді. Соның нәтижесінде инфляция өткен жылдың қыркүйегіндегі шамамен 13 пайыздан биыл мамыр айында 10,4 пайызға дейін төмендеді, – деді Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банк биылғы инфляция деңгейі 9-11 пайыз аралығында қалыптасады деп болжап отыр. Баға өсімінің баяулауын ескере отырып, реттеуші 5 маусымда базалық мөлшерлемені 18 пайыздан 17 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылдаған.
Соған қарамастан Ұлттық банк басшысы инфляциялық қысым толық жойылған жоқ деп есептейді.
Оның сөзінше, сыртқы тәуекелдер қатарында геосаяси тұрақсыздық пен әлемдік азық-түлік бағасының өсуі бар. Ал ішкі факторларға коммуналдық тарифтердің көтерілуі, жанар-жағармай нарығындағы реформалардың жалғасуы және ақша массасының ұлғаюы жатады.
Сүлейменов инфляцияны тұрақтандырудағы маңызды бағыттардың бірі мемлекеттік қаржы саясаты екенін атап өтті. Оның пікірінше, Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферттердің көлемін қысқарту баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
– Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерді 2,8 трлн теңге деңгейінде шектеу маңызды дезинфляциялық фактор болып саналады. Ендігі міндет – республикалық бюджетті нақты консолидациялау және фискалдық тәртіпті күшейту, – деді Ұлттық банк төрағасы.





