Бізге жазылыңыз:

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары мемлекеттік қорғауда қала береді

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары мемлекеттік қорғауда қала береді

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлттық банкпен және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен (БЖЗҚ) бірлесіп, зейнетақы жинақтарын қорғау жүйесін кезең-кезеңімен жетілдіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекет азаматтардың зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік береді. ҚР Әлеуметтік кодексінің 217-бабында БЖЗҚ-дағы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының (МКЗЖ) нақты енгізілген сомасының сақталуы мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілетіні көрсетілген. Бұл норма өзгеріссіз қалады.

2027 жылдан бастап зейнеткерлік жасқа толған салымшыларға инфляция деңгейіне байланысты айырманы біржолғы төлеуге арналған бюджеттік бағдарлама оңтайландырылады. Бұл шешім зейнетақы жүйесін инвестициялық кірістілікке, тиімділікке және ұзақ мерзімді тұрақтылыққа бағытталған жаңа модельге көшіру шараларының бір бөлігі болып табылады.

Салымшыларға зейнетақы активтерін басқаруда көбірек мүмкіндік беріледі

2026 жылғы қыркүйектен бастап зейнетақы жинақтарын басқарудың жаңартылған тәртібі күшіне енеді. Өзгерістерге сәйкес, салымшылардың жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) беретін активтер көлеміне қойылған шектеулер алынып тасталады.

Бұған дейін азаматтар зейнетақы жинақтарының 50%-нан аспайтын бөлігін ғана жеке басқарушыларға бере алатын болса, енді бұл талап жойылады. Яғни салымшылар өз жинақтарының 100%-ына дейін жеке басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігіне ие болады.

Бұл азаматтарға инвестициялық стратегияны өз қалауынша таңдауға жол ашады: біреулер тәуекелі төмен құралдарды таңдаса, енді бірі жоғары табыс әкелуі мүмкін инвестициялық бағыттарға басымдық бере алады.

Мемлекеттік кепілдік жүйесі сақталады

Жаңа тәртіп жағдайында жеке инвестициялық шешімдер бойынша инфляциялық айырманы мемлекет есебінен автоматты түрде өтеу тетігінің қажеттілігі азаяды. Себебі азаматтардың жеке таңдауы нәтижесінде туындаған инвестициялық тәуекелдер бюджет қаражаты есебінен жабылмауы тиіс.

Сонымен қатар жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға қойылатын талаптар күшейтіледі. Олар теріс инвестициялық нәтиже болған жағдайда айырманы өз капиталы есебінен өтеуге міндетті. Басқарушы компаниялардың меншікті капиталы кемінде 1,9 млрд теңге (440 мың АЕК) болуы және жеткілікті тәжірибеге ие болуы талап етіледі.

Ұлттық банк консервативті стратегияны таңдаған азаматтардың активтерін басқарады

Тәуекелі төмен инвестициялық тәсілді таңдаған салымшылар үшін негізгі басқарушы орган ретінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі сақталады.

Әлеуметтік кодексте Ұлттық Банктің зейнетақы активтерінің сақталуын қамтамасыз етуі және ұзақ мерзімді нақты табыстылыққа қол жеткізуге ұмтылуы бекітілген.

2028 жылға дейінгі стратегиялық жоспарға сәйкес, Ұлттық банк алдында зейнетақы активтерінің кірістілігін инфляция деңгейінен кемінде 1 пайыздық тармаққа жоғары деңгейде қамтамасыз ету міндеті тұр.

Активтерді басқару кезінде инвестициялық портфельді әртараптандыру қағидаты сақталады. Сонымен қатар сапалы шетелдік қаржы құралдарын пайдалану және валюталық активтердің үлесін кемінде 30% деңгейінде ұстау қарастырылған.

Зейнетақы жүйесін одан әрі реформалау жалғасады

Қазіргі уақытта Еңбек министрлігі зейнетақы жүйесін трансформациялау мәселелері бойынша жұмыс тобын құрды. Сарапшылар сақтандыру құрамдасын енгізу, «4+1» моделі, еңбек өтілін 40 жылға дейін есепке алу және Сингапур үлгісіндегі зейнетақы жүйесі сияқты түрлі тәсілдерді қарастыруда.

Жаңғыртудың негізгі мақсаты – азаматтарды еңбек өтілі мен жүйеге қатысу ұзақтығын ескеретін, БЖЗҚ-дан өмір бойы тұрақты төлемдермен қамтамасыз ететін тиімді модель қалыптастыру.

Үкіметтің мақсаты – халықаралық еңбек ұйымы стандарттарына сәйкес жоғалған табыстың кемінде 40%-ын алмастыра алатын зейнетақы жүйесін құру. Бұл ретте әлеуметтік сақтандыру тетіктерін дамыту арқылы азаматтарға зейнет жасына шыққаннан кейін тұрақты төлемдер қамтамасыз етіледі.

Мемлекет қабылдап жатқан шаралар зейнетақы жүйесінің ашықтығын арттыруға, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және қазақстандықтардың ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Ұқсас материалдар