Қазақстанның құрылыс саласының өкілдері инженерлік ізденістер бағытында өзін-өзі реттейтін ұйым (ӨӨҰ) құру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл мәселе «Атамекен» ҰКП алаңында өткен жиында талқыланды. Кездесуге ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Рысдәулетов қатысты.
Жиында бизнес өкілдері саланың өзекті мәселелерін қарастырды. Атап айтқанда, бірегей нысандар үшін инженерлік ізденістер нәтижелерінің қолданылу мерзімін ұзарту, орындалатын жұмыстардың сапасын бақылауды күшейту және нарықты реттеу тетіктерін жетілдіру мәселелері көтерілді.
Сондай-ақ инженерлік ізденістер саласындағы кәсіби қатысушыларды біріктіріп, жұмыстардың сапасын арттыруға ықпал ететін өзін-өзі реттейтін ұйым құру перспективалары талқыланды.
Кездесу барысында нормативтік базаны одан әрі жетілдіру, құрылыс жобаларын іске асыру кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және саланы дамытуға қатысты басқа да мәселелер бойынша пікір алмасылды.





