Бізге жазылыңыз:

Halyk жыл басынан бері әлеуметтік жобаларға 4,3 млрд теңгеден астам қаржы бөлді

Halyk жыл басынан бері әлеуметтік жобаларға 4,3 млрд теңгеден астам қаржы бөлді

2026 жылдың басынан бері Halyk Bank Қазақстан бойынша қайырымдылық және қоғамдық маңызы бар жобаларға 4,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Қаржы білім беру, спорт, мәдениет, экология салаларын дамытуға, сондай-ақ әлеуметтік осал топтарды қолдауға бағытталды.

Банктің негізгі әлеуметтік бағыттарының бірі – биыл 10 жылдық мерейтойын атап өткен «Халық» қайырымдылық қорымен серіктестік. Тек биылғы алғашқы жартыжылдықтың өзінде банк қордың әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруға 2 млрд теңге бөлді.

Ірі жобалардың қатарында 9 миллион ағаш отырғызуды көздейтін Halyk Орманы бастамасы, Жаңаөзен қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы, студенттік киберспортты дамыту, AUYL SPORT 2026 жобасының үшінші маусымы, SOS Балалар ауылдары Қазақстан ұйымын қолдау, Алматыдағы әлеуметтік осал отбасылардың үйлерін газдандыру, сондай-ақ Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының және өзге де мәдени бастамалардың жобалары бар.

Он жыл ішінде «Халық» қоры жалпы құны 100 млрд теңгені құрайтын 200-ден астам әлеуметтік жобаны жүзеге асырды.

Банк үшін тағы бір маңызды бағыт – 2010 жылдан бері жалғасып келе жатқан «Аяла» қайырымдылық қорымен ынтымақтастық. Осы уақыт ішінде Halyk мемлекеттік перинаталдық орталықтар мен перзентханаларды заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге шамамен 850 млн теңге бағыттап, мыңдаған сәбидің өмірін сақтап қалуға үлес қосты.

Банк өкілдерінің айтуынша, қайырымдылық Halyk-тің ұзақмерзімді тұрақты даму стратегиясының ажырамас бөлігі болып табылады. Оның мақсаты – тек бүгінгі мәселелерді шешу ғана емес, қоғам үшін ұзақ мерзімді оң өзгерістерге негіз қалау.

Ұқсас материалдар