
Алматы қаласында биыл 1930–1980 жылдары салынған 78 ескі және апатты көпқабатты үй сүріледі. Бұл туралы қаладағы Капиталды құрылыс кәсіпорны хабарлады.
Жаңа реновациялық бағдарлама аясында екі қабаттан аспайтын, тозығы жеткен үйлер мен басқа да жеке тұрғын үйлер, өндірістік және коммерциялық нысандар қамтылған. Бұл қадам қаланың инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған.
Сүрілетін үйлердің орнына жаңа ғимараттар салынады. Қайта қоныстандырылатын тұрғындар саны – 667 адам. Құрылыс жобалары инвесторлар мен кәсіпорынның қаржылық мүмкіндігіне қарай жеке-жеке жоспарланады.
Жобаны жүзеге асыруға жалпы 46 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 42,9 млрд теңге – жеке инвестиция, ал 3,3 млрд теңге – қоныс аудару қорын толықтыру үшін бөлінетін бюджет қаражаты. Мамыр айында нысандар тізімі нақты бекітіледі деп күтілуде.