Бізге жазылыңыз:

Сауда саласы 1,5 миллион адамды жұмыспен қамтып отыр – министрлік

Сауда саласы 1,5 миллион адамды жұмыспен қамтып отыр – министрлік

Ведомствоның мәліметінше, аталған кезеңде сауда саласы тұрақты өсімді сақтап, ел экономикасының ірі секторларының бірі ретінде қалып отыр.

- Сауда саласы еліміздің жалпы ішкі өнімінің шамамен 19 пайызын құрайды. Бүгінде салада 1,5 миллионнан астам адам жұмыспен қамтылған. Республика аумағында 748 545 кәсіпкерлік субъектісі, 626 базар және 142 мыңнан астам бөлшек сауда нысаны жұмыс істеп тұр.

2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша сауданың нақты көлем индексі (НКИ) жоспарланған 8 пайыздың орнына 8,4 пайызға жетті. Сауда көлемі номиналды мәнде 31,4 трлн теңгені құрады. Оның ішінде көтерме сауданың НКИ 109,2 пайыз немесе 21,2 трлн теңге, бөлшек сауданың НКИ 106,6 пайыз немесе 10,1 трлн теңге болды. Бұл көрсеткіштер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жоғары, - делінген ақпаратта.
Министрлік шикізаттық емес экспортты дамытуды басты басымдықтардың бірі ретінде атап өтті. 2025 жылдың қаңтар–сәуір айларында өңдеу өнеркәсібі секторындағы тауар айналымы 25 млрд АҚШ долларын, оның ішінде экспорт көлемі 7,8 млрд долларды құрады. Осы кезеңде күнбағыс майының экспорты 69,5 пайызға, жануарларға арналған азық 2,5 есеге, өңделмеген және жартылай өңделген алтын экспорты 52,7 пайызға артты. Қазақстандық өнімдердің негізгі экспорт нарықтары – Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан, Тәжікстан, АҚШ, Нидерланд, Франция және Жапония.

- Сауда-экономикалық миссиялар Иран (Тегеран), Венгрия (Будапешт), Қытай (Сиань, Чунцин) және Ауғанстанда (Кабул) ұйымдастырылды. Миссияларға 100-ден астам қазақстандық экспорттаушы қатысып, азық-түлік, агроөнеркәсіп, металлургия, химия, құрылыс, медицина және логистика салаларындағы өнімдерін ұсынды. Нәтижесінде жалпы сомасы 333 млн АҚШ доллары және 15 млн еуро болатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды, - деп жазды ведомстводан.
Министрлік экспорттық акселерация бағдарламасын сәтті іске асыруда. Бүгінде 120 компания экспорттық қызметін жедел дамыту үстінде. Оларға кеңес беру, сүйемелдеу және шығындарды өтеу түрінде кешенді қолдау көрсетілуде. Сондай-ақ, отандық кәсіпкерлердің халықаралық көрмелерге, соның ішінде Шанхайдағы импорттық көрмеге қатысуы ұйымдастырылуда.

Экспортты қолдаудың қолданыстағы шаралары да үздіксіз жетілдіріліп келеді. Бұл – жаңа экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды дамытуға және олардың халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті болуына жол ашады.

- Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында да жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2025 жылдың алғашқы алты айында комитет пен оның аумақтық бөлімшелеріне 27 889 өтініш түсті. Соның нәтижесінде тұтынушыларға 881,4 млн теңге қайтарылды, - делінген деректе.

Ұқсас материалдар