Орталық Азия елдері босқындарды қорғау саласындағы тәжірибелерімен бөлісті
2026 жылғы 20–21 қазанда Алматыда Халықаралық қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік оқыту бағдарламасы (IPLP) өтті. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан мамандары қатысты.
Іс-шараны БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының (БҰҰ БЖКБ) Орталық Азиядағы Өкілдігі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетімен бірлесіп ұйымдастырды. Бағдарлама Алматы процесі аясында өтіп, халықаралық қорғау саласындағы тәжірибе алмасуға және практикалық тәсілдерді жетілдіруге бағытталды.
Оқытуға мемлекеттік органдардың, сот жүйесінің, құқық қорғау, шекара және көші-қон ведомстволарының өкілдері қатысты.
Бағдарлама барысында босқындарды қорғаудың халықаралық стандарттарына және кері қайтармау қағидатын сақтауға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ гуманитарлық міндеттемелерді орындау мен ұлттық қауіпсіздік талаптарының арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды.
Халықаралық сарапшылардың жетекшілігімен қатысушылар баспана беру, экстрадициялау рәсімдері және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың практикалық аспектілерін талқылады. Нақты жағдайлар негізінде халықаралық құқық нормалары мен ұлттық заңнама талаптарын ескере отырып шешім қабылдау тәсілдері қарастырылды.
Оқыту бағдарламасы көші-қон және халықаралық қорғау мәселелерімен тікелей айналысатын мамандардың кәсіби құзыреттерін нығайтуға бағытталды. Алынған білім мен практикалық ұсынымдар бейінді мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Мұндай оқыту іс-шаралары тұрақты түрде өткізіледі. Олар мамандардың біліктілігін арттыруға, озық халықаралық тәжірибемен алмасуға және Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Қазақстан көші-қон саясаты саласындағы өңірлік өзара іс-қимылды дамыту, халықаралық қорғау тетіктерін жетілдіру және мемлекеттік органдардың кәсіби әлеуетін нығайту жұмыстарын жалғастырып жатыр.





