Қазан айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 3%-ға әлсіреп, бір АҚШ доллары 453,77 теңгені құрады. Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 474 млн доллардан 397 млн долларға дейін төмендеді. Жалпы сауда көлемі 8,4 млрд долларға жетті.
Қазақстан Ұлттық банкі қазан айындағы валюта нарығындағы операциялар мен қарашаға арналған жоспарлары туралы ақпарат жариялады.
Ұлттық банк 302 млрд теңгеге валюта сатады
Қазан айында алтын сатып алу операцияларын айнадай көрсету аясында шамамен 302 млрд теңге өтелді. Қарашада осы мақсатта 302 млрд теңгеге балама шетел валютасын сату жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, Үкіметтің өтінімдері бойынша қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін Ұлттық банк Ұлттық қордан 910 млн доллар сатып алды. Бұл қаражат Ұлттық қор операцияларын айнадай көрсету аясында ішкі валюта нарығында сатылатын болады. Сату көлемі мен мерзімі нарық конъюнктурасына қарай айқындалады.
Ұлттық банктің мәліметінше, мұндай тәсіл айырбас бағамының іргелі факторларға сай қалыптасуына ықпал етіп, теңгенің күрт алыпсатарлық ауытқуларына жол бермеуге бағытталған.
Ұлттық қор қаражаты бойынша операциялар жүргізу және айнадай көрсету тетігін іске асыру кезінде реттеуші нарықтық бейтараптық қағидатын ұстанады. Қазан айында Ұлттық банк валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.
БЖЗҚ үшін валюта сатып алу көлемі 568 млн доллар болды
Зейнетақы активтерін басқару аясында Ұлттық банк қазан айында биржалық сауда-саттықта жалпы сомасы 568 млн долларға шетел валютасын сатып алды. Бұл сауда-саттықтың жалпы көлемінің шамамен 7%-ын құрайды.
Мұндай операциялар зейнетақы активтеріндегі валюталық үлесті сақтау үшін жүргізіледі. Шетел валютасын одан әрі сатып алу туралы шешімдер нарықтағы жағдайды ескере отырып, БЖЗҚ активтерін инвестициялық басқару шеңберінде қабылданады.
Теңге бағамына қандай факторлар әсер етеді?
Ұлттық банк валюта нарығында жүргізілетін операциялар туралы толық ақпаратты жариялауды жалғастырады.
Қысқа мерзімді перспективада теңге бағамының динамикасына нарық қатысушыларының күтулері, тоқсандық салық төлемдері, әлемдік нарықтардағы жағдай және геосаяси ахуалдың өзгеруі әсер етеді.
Реттеуші теңгенің икемді айырбас бағамы режимін ұстануды жалғастыратынын атап өтті. Бұл тәсіл теңгерімсіздіктердің жинақталуына жол бермей, елдің алтын-валюта резервтерін сақтауға мүмкіндік береді.





