Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда ШОБ-тың биржаға шығуы жеңілдетіледі

Қазақстанда ШОБ-тың биржаға шығуы жеңілдетіледі

Қазақстанда 2026–2030 жылдарға арналған капитал нарығын дамыту бағдарламасы бекітілді. Құжат жеті стратегиялық бағыт бойынша 35 бастаманы қамтиды. Негізгі міндеттердің бірі — шағын және орта бизнестің (ШОБ) қор нарығына шығуын жеңілдетіп, компаниялардың биржа арқылы капитал тартуына жағдай жасау.

Бағдарлама Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының 2026 жылғы 30 қазандағы №143 қаулысымен және Ұлттық банк басқармасының 29 қазандағы №125 қаулысымен бекітілді.

Құжат Мемлекет басшысының 2026 жылғы 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау аясында әзірленді. Бағдарламаны дайындау кезінде реттеушілер капитал нарығының қазіргі жағдайына талдау жүргізіп, осы секторды реттеу мен дамытудағы халықаралық тәжірибені ескерген.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, соңғы бес жылда Қазақстанның акциялар нарығының капиталдандыру көлемі екі еседен астам өсіп, 19,1 трлн теңгеден 41,8 трлн теңгеге жеткен. Орташа жылдық өсім 22% болды. Қарыздық бағалы қағаздар нарығы да осы кезеңде екі есеге жуық ұлғайып, 32 трлн теңгеден 58 трлн теңгеге дейін өсті.

Бағдарламаның басты мақсаты — капитал нарығын бизнес пен инвесторлар үшін қолжетімді ету, сондай-ақ оны банк кредиттеуімен қатар экономиканы ұзақ мерзімді қаржыландырудың толыққанды көзіне айналдыру.

Капитал нарығын дамытудың жеті бағыты

Бірінші бағыт институционалдық инвесторлар базасын кеңейту мен әртараптандыруды көздейді. Атап айтқанда, зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру, оларды нарықтық құралдарға белсенді тарту, ұжымдық инвестицияларды дамыту және баламалы әрі хедж-қорларды қоса алғанда, жаңа кәсіби басқарушылардың пайда болуына жағдай жасау жоспарланып отыр.

Екінші бағыт қарыздық бағалы қағаздар нарығы мен туынды қаржы құралдарын дамытуға арналған. Банктік кредиттеуге балама қалыптастыру үшін корпоративтік облигациялар шығаруды ынталандыру, секьюритилендіруді дамыту, мемлекеттік борышты басқаруды жетілдіру және туынды қаржы құралдары нарығын кеңейту көзделген.

Үшінші бағыт IPO өткізуге ынталандыруға және ШОБ-тың акционерлік капитал нарығына қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған. Осы мақсатта биржаға шығу рәсімдерін жеңілдетіп, цифрландыру, компанияларды акцияларын орналастыруға дайындау бағдарламасын іске қосу, салықтық ынталандыру шараларын енгізу және листинг демеушілері институтын қалыптастыру жоспарланып отыр.

Төртінші бағыт акциялардың қайталама нарығындағы өтімділікті арттыруды қамтиды. Бұл ретте бағалы қағаздарды қарызға алу және кредиттеу тетіктерін енгізу, қысқа сатылымдарды дамыту, маркетмейкинг жүйесін жетілдіру және шетелдік қатысушылардың нарыққа қолжетімділігін кеңейту қарастырылған.

Бесінші бағыт жаңа қаржы құралдарын енгізу мен дамытуға арналған. Атап айтқанда, цифрлық қаржы активтерін, ESG-қаржыландыруды және капитал нарығының исламдық сегментін дамыту көзделген.

Алтыншы бағыт дәрменсіздік пен берешекті қайта құрылымдау рәсімдерін жаңғыртуға қатысты. Алдын ала келісілген қайта құрылымдау тетігін заңдастыру, облигация ұстаушылар өкілінің институтын күшейту және трансшекаралық дәрменсіздік рәсімдерін жетілдіру жоспарланған.

Жетінші бағыт реттеушілік ортаны жетілдіруді көздейді. Реттеушілер қор биржасының функцияларын кеңейтуді, лицензиялау жүйесін жақсартуды, тәуекелге бағдарланған қадағалауды енгізуді және биржадан тыс мәмілелердің ашықтығын арттыруды жоспарлап отыр.

Жаңа заң жобасы 2026 жылдың соңына дейін енгізіледі

Бағдарламаны іске асыру ішкі жинақтарды ұзақ мерзімді инвестицияларға бағыттауға, компаниялардың қаржы тарту мүмкіндіктерін кеңейтуге және капитал нарығының елдің экономикалық дамуындағы рөлін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Бастамалардың басым бөлігі «Қазақстан Республикасының Капитал нарығы туралы» жаңа заң жобасы аясында заңнамалық тұрғыдан бекітіледі. Құжатты 2026 жылдың соңына дейін Құрылтайдың қарауына енгізу жоспарланып отыр.

Ұқсас материалдар