Қазақстанда күнбағыс майын өндіру кезінде қалатын қосалқы шикізаттың экспорттық әлеуеті артып келеді. Биыл қаңтар-қыркүйек айларында түйіршіктелген күнбағыс қауызының шетелге жеткізілуінен түскен табыс 6,15 есеге өсіп, 3,4 млн долларға жетті.
Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының мәліметінше, есепті кезеңде Қазақстан 63,2 мың тонна күнбағыс қауызы түйіршігін экспорттаған. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 3,56 есе жоғары. Өткен жылы ел 33,4 мың тонна өнімді 1,035 млн долларға сатқан.
Қазақстандық түйіршіктердің негізгі тұтынушысы – Польша. 2025 жылы осы елдің үлесіне экспорттың 98%-ы тиесілі болды. Польшадағы жылу электр станциялары күнбағыс қауызы түйіршіктерін электр және жылу өндіруге арналған биологиялық отын ретінде пайдаланады. Ірі электр станцияларының біріне ай сайын 30 мың тоннаға дейін осындай отын қажет болуы мүмкін.
Қауымдастық басқармасының төрағасы Ядыкар Ибрагимовтің айтуынша, күнбағыс қауызы май зауыттарында тұқымды өңдеу кезінде бөлінеді. Шикізат сапасына қарай оның үлесі өңделетін күнбағыс массасының 14–18%-ын құрайды.
Қазіргі уақытта Қазақстандағы орта және ірі кәсіпорындардың басым бөлігі күнбағыс дәнін қауызынан ажырататын жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қауызының бір бөлігі зауыттардың өз қазандықтарында технологиялық бу өндіруге жұмсалса, қалғаны отын түйіршіктеріне өңделеді.
Елімізде мұндай өнім шығаратын онға жуық зауыт жұмыс істейді. Олардың жиынтық өндірістік қуаты айына 10 мың тоннаға дейін жетеді. Өндірілген түйіршіктердің негізгі бөлігі экспортқа жөнелтіледі.
Қауымдастық өкілдері күнбағыс қауызының өңделуі кәсіпорындарға екі бағытта пайда әкелетінін атап өтеді. Біріншіден, зауыттар өздерінің энергетикалық қажеттіліктерін қамтамасыз ете алады. Екіншіден, қосымша экспорттық кіріс алады. Ал түйіршіктеу өнімнің тығыздығын арттырып, оны сақтауды және алыс қашықтыққа тасымалдауды жеңілдетеді.
Сонымен қатар күнбағыс қауызы кәсіпорындардың өз қажетіне электр энергиясын өндіруге де жарамды. Қазақстандағы ірі зауыттардың бірінде осы мақсатта арнайы заманауи қазандық орнатылған. Ол өндірістік цехтар мен кәсіпорын аумағын жарықтандыруға қажетті электр энергиясын өндіреді.
Ұлттық қауымдастықтың бағалауынша, орта мерзімді кезеңде Қазақстан күнбағыс қауызы түйіршіктерінің жылдық экспортын 250 мың тоннаға дейін ұлғайта алады. Бұл 2025 жылғы көрсеткіштен шамамен 7,5 есе көп.
Экспорт көлемінің өсуіне күнбағыс егістіктерінің кеңеюі, майлы дақылдарды өңдеу қуаттарының артуы және Еуропадағы биологиялық отынға тұрақты сұраныс ықпал етуі мүмкін.
Осылайша, Қазақстанның май өңдеу саласында өндіріс қалдықтарын кәдеге жарату жаңа экспорттық бағытқа айналып келеді. Енді шетелдік нарықтарға өсімдік майы мен күнжарамен қатар, бұрын қосалқы өнім саналған күнбағыс қауызының түйіршіктері де жеткізіледі.





