Бізге жазылыңыз:

Интернет ауылдарға: Қазақстанда 1 000-нан астам елді мекенге оптикалық желі тартылады

Интернет ауылдарға: Қазақстанда 1 000-нан астам елді мекенге оптикалық желі тартылады

Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ «Инклюзивті экономика үшін Қазақстанды жедел цифрландыру» жобасы аясында ынтымақтастық туралы меморандум жасасты.

Келісімнің негізгі бағыты – ауылдық елді мекендердегі телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту. Жоба бойынша еліміздің 1 000-нан астам ауылына талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жоспарланып отыр. Бұл ауыл тұрғындарының заманауи цифрлық қызметтерге қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді.

Бастаманың мақсаты – қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты қысқарту. Байланыс инфрақұрылымының дамуы ауыл тұрғындарына қашықтан білім алуға, мемлекеттік қызметтерді пайдалануға, кәсіпкерлікті дамытуға және күнделікті өмірде цифрлық шешімдерді қолдануға мүмкіндік береді.

Меморандум аясында атқарылатын жұмыстар туралы Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков түсініктеме берді.

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясындағы негізгі міндеттердің бірі – ауылдық елді мекендердегі пайдаланушыларға дейін тікелей оптикалық байланыс желілерін жеткізу.

2018–2020 жылдары «Қазақтелеком» және «Транстелеком» компаниялары «Ауылдық елді мекендерге арналған талшықты-оптикалық байланыс желілері 1.0» жобасы бойынша магистральдық инфрақұрылымды салған.

«Бүгінде «Қазақтелеком» компаниясының магистральдық инфрақұрылымына жергілікті шағын және орта байланыс операторларының қол жеткізуі жөнінде келісімге келдік. Бұл оларға ауылдық елді мекендерде GPON технологиясы арқылы соңғы миля желілерін жедел орналастырып, кемінде 100 Мбит/с жылдамдықтағы интернет ұсынуға мүмкіндік береді», – деді Дамир Сейсембеков.

Өз кезегінде «Қазақтелеком» АҚ корпоративтік бизнес дивизионының бас директоры Асқар Қайыров сапалы интернеттің өңірлерді дамытудағы маңызын атап өтті.

«Бүгінде сапалы интернетке қол жеткізу – жай ғана байланыс мәселесі емес, аумақтарды дамыту мен адамдардың өмір сүру сапасын арттырудың қажетті шарты. Ауыл тұрғындарының да ірі қалалардағы азаматтармен бірдей білім алу, жұмыс істеу және кәсіп жүргізу мүмкіндіктеріне ие болуы біз үшін маңызды. Цифрлық инфрақұрылымды дамыту – өңірлер мен бүкіл елдің болашағына салынған инвестиция», – деді ол.

Қол қойылған меморандум жобаны іске асыруға қатысушылардың бірлескен жұмысын үйлестіруге негіз болады. Мемлекет пен елдің ірі телекоммуникациялық операторының күш біріктіруі ауылдық аумақтардағы байланыс инфрақұрылымын дамытуға және Қазақстанның цифрлық трансформациясын жеделдетуге бағытталған.

Ұқсас материалдар