Инфографика мен шындық: 2026 жылғы инфляция туралы қате түсінік қалай қалыптасады?
EconomyKZ.org іскерлік порталында жарияланған «Top 20 / Bottom 20 Inflation, 2026» инфографикасы мен оған сүйенген мақалада инфляция енді жаһандық проблема болудан қалып, тек жекелеген елдердің мәселесіне айналып бара жатқаны айтылған. Алайда экономист, Qazaq Expert Club тең құрылтайшысы Бауржан Шурманов бұл тұжырым қазіргі халықаралық болжамдармен сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
Сарапшының айтуынша, инфографикада келтірілген деректер Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) және басқа да халықаралық қаржы институттарының өзекті бағалауларынан айтарлықтай ерекшеленеді.
Мәселен, дамыған елдер бойынша инфографикада инфляция деңгейі өте төмен көрсетілген. Жапонияда инфляция 0,3% деп берілсе, ХВҚ болжамы 2,2%-ды құрайды. АҚШ бойынша көрсеткіш 2,2% деп көрсетілгенімен, халықаралық ұйымдардың болжамы 3,2%-ға тең. Ұқсас айырмашылықтар Германия, Италия, Нидерланд және басқа да еуропалық мемлекеттер бойынша байқалады.
Сонымен қатар жоғары инфляциясы бар елдерге қатысты мәліметтер де шынайы көрсеткіштерден алшақ. Бұл жағдайда инфляция деңгейі керісінше тым жоғары көрсетілген. Мысалы, Зимбабве үшін инфографикада 250% көрсетілсе, халықаралық болжамдар шамамен 8%-ды құрайды. Аргентина бойынша 130% көрсетілгенімен, болжамды деңгей 30,4%, ал Пәкістанда 32%-дың орнына 7,2% күтілуде.
Бауржан Шурманов мұндай айырмашылықтардың себебі ретінде ескірген деректердің қолданылуын жоққа шығармайды. Оның пікірінше, инфографикадағы мәліметтер 2023–2024 жылдардағы инфляциялық күтулерге негізделген болуы мүмкін. Сол кезеңде әлемдік экономикада инфляция әлдеқайда жоғары деңгейде болған.
Алайда қазіргі жағдайда әлемдік нарықтар жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Энергоресурстар бағасының өсуі, геосаяси тәуекелдердің күшеюі және Таяу Шығыстағы тұрақсыздық көптеген елдердегі инфляциялық қысымды қайта арттыруда.
Әсіресе соғыс пен геосаяси дағдарыстардың әсерін тікелей сезінген мемлекеттер бойынша айырмашылықтар айқын байқалады. Мысалы, Иранда инфографика бойынша инфляция 35% деп көрсетілгенімен, ХВҚ бағалауы 68,9%-ды құрайды. Судан бойынша бұл көрсеткіштер тиісінше 40% және 75,1%, ал Венесуэлада 180% және 387,4% деңгейінде.
Сарапшының пікірінше, осы деректердің өзі «2026 жылы инфляция тек жекелеген экономикалардың мәселесі болады» деген қорытындының шындыққа сәйкес келмейтінін көрсетеді. Керісінше, инфляция әлемнің көптеген елдері үшін әлі де негізгі экономикалық тәуекелдердің бірі болып қала береді.
Бауржан Шурманов экономикалық тақырыптарды жариялайтын ақпараттық ресурстардың деректердің дұрыстығына ерекше мән беруі керектігін атап өтті.
«Макроэкономикада қателіктің құны өте жоғары. Егер жарияланған мәліметтер халықаралық ұйымдардың ресми болжамдарынан бірнеше есе айырмашылық көрсетсе, мұндай ақпарат оқырманды хабардар етпейді, керісінше жаңылыстырады. Соның салдарынан қоғамда қате түсінік қалыптасып, дұрыс емес қорытындылар жасалуы мүмкін», – деді экономист.





