Қазақстанда медициналық қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған цифрлық жобаларды енгізу жалғасуда. Дәрі-дәрмекті таңбалау және қадағалау жүйесі аясында бүгінде 1 млрд-тан астам қаптама таңбаланды. Мониторинг 3 мың дәрілік зат атауын қамтиды.
Жүйе енгізілгеннен кейін 1 595 препараттың немесе 52%-ының бағасы тұрақты болған, ал 800 дәрілік заттың (26%) бағасы төмендеген. Жиынтық экономикалық тиімділік 42,5 млрд теңгені құрады. Биыл 1 қыркүйектен бастап жүйе биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) таңбалауды да қамти бастады.
Вакциналарға бақылау күшейтіледі
Цифрлық шешімдердің бірі – вакциналарды сақтау мен тасымалдауды автоматты бақылайтын «Суық тізбек» жобасы. Температура датчиктері сақтау жағдайын бақыласа, GPS-мониторинг препараттардың тасымалдану барысын қадағалайды.
Пилоттық жоба 2025 жылы Қарағанды облысында іске қосылған. 1 қазаннан бастап оны бүкіл ел бойынша кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда. Жүйе 3,5 мыңнан астам нысан мен 800 арнайы көлікті қамтиды.
Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі
Медицина қызметкерлерін қорғау үшін «Қазақтелеком» шешімдері негізінде смарт-бейнежетондар енгізілуде. Құрылғылар қауіпті жағдайларды тіркеп, қауіп төнген жағдайда полицияның жедел басқару орталығына автоматты түрде сигнал жібереді.
Қазір жоба Шымкент қаласы мен Жамбыл облысында іске қосылған. Жыл соңына дейін оны толық енгізу көзделіп отыр. Нәтижесінде бейнежетондармен 2,1 мың жедел жәрдем бригадасы және 3,8 мыңнан астам медицина қызметкері қамтылады.
Сонымен қатар Астана, Шымкент және Жамбыл облысында стационарлардың қабылдау бөлімдеріне бейнеаналитика мен SOS батырмасы жүйесі енгізілуде. Ақылды камералар агрессия фактілерін анықтап, ақпаратты полицияға, медициналық ахуал орталығына және күзет қызметіне жедел жеткізеді.
Телемедицина ауылдарға да жетеді
Қашықтан медициналық көмек көрсету жүйесі арқылы жыл басынан бері 1 млн-нан астам телеконсультация өткізілді. Қашықтан қызметті 2,1 млн-нан астам адам алған, оның 39%-ы ауыл тұрғындары.
Телемедицина жүйесі 655 фельдшерлік-акушерлік пункт пен дәрігерлік амбулаторияны, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесінің 72 мекемесін қамтиды.
1 қыркүйектен бастап телемедицина оқушыларды алдын ала тексеру үшін де қолданыла бастады. Жоба шамамен 8 мың мектепті қамтиды. Қашықтан тексеру кезінде ЭКГ, экспресс-талдаулар және цифрлық медициналық құрылғылар қолданылады. Кейін жүйеге УДЗ, офтальмоскоп және басқа да зерттеулер қосылады.
ЖИ диагностикаға енгізілуде
ЖИ қолданылатын орталықтандырылған телерадиология жүйесі ел бойынша 400-ден астам медициналық ұйымды байланыстырады. Жасанды интеллект КТ, МРТ және маммография нәтижелерін талдап, диагностика уақытын 4 еседен астам қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге патологияны ерте анықтау көрсеткіші 32,2%-ға артқан.
ЖИ негізіндегі AKYLMED.AI жүйесі пациенттерді тәулік бойы онлайн қабылдауға жазу, скрининг пен профилактикалық тексерулерге автоматты түрде шақыру және медициналық қызмет сапасына кері байланыс жинау үшін енгізілуде.
Жаңа цифрлық шешімдер медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, диагностика мен емдеу процестерін жеделдетуге, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.





