Қазіргі таңда Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінде шамамен 1,1 млн адам еңбек етеді. Оның 595 мыңы немесе 55%-ы жұмысшы мамандықтарының өкілдері. Саланың даму қарқынын ескере отырып, 2035 жылға қарай АӨК-ке шамамен 73 мың білікті жұмысшы кадр қажет болады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.
Министрліктің мәліметінше, бүгінде елімізде халықты жұмыспен қамтып отырған шамамен 300 мың ауыл шаруашылығы өндірушісі бар. Жыл сайын аграрлық колледждерге орта есеппен 4,8 мың студент қабылданады. Оның 3,8 мыңы мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында оқиды.
Агроөнеркәсіп кешені үшін мамандарды даярлау 17 мамандық және 61 біліктілік бойынша жүргізіледі. Білім беру бағдарламалары өсімдік және мал шаруашылығын, ветеринарияны, балық шаруашылығын, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді, механикаландыруды және басқа да бағыттарды қамтиды.
Кадр даярлауда дуальды оқытуға ерекше көңіл бөлінуде. Колледждер ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен ынтымақтастығын кеңейтіп, ал жұмыс берушілер студенттердің өндірістік тәжірибесін ұйымдастыруға және болашақ мамандарды даярлауға белсенді қатысып келеді.
Еліміздің барлық өңірінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуі және кейін жұмысқа орналасуы бойынша келісімдер жасалуда. Бұл тәсіл білім алушыларға оқу кезінде өндірістік ортада тәжірибе жинақтап, еңбек нарығында сұранысқа ие болуына мүмкіндік береді.





