Бізге жазылыңыз:

Құрылыс нысандарында қауіпсіздік талаптарын сақтау бақылауы күшейтіледі

Құрылыс нысандарында қауіпсіздік талаптарын сақтау бақылауы күшейтіледі

Қазақстанда құрылыс саласындағы өндірістік жарақаттың алдын алу шаралары күшейтіледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс орындарындағы қауіпсіздік талаптарының бұзылуын дер кезінде анықтап, жазатайым оқиғаларға жол бермеуге басымдық беріп отыр.

Астанада мемлекеттік еңбек инспекторлары құрылыс нысандарындағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарының сақталуын бақылауға кірісті. Мониторинг жұмыстарына Төтенше жағдайлар және Полиция департаменттері, сондай-ақ Кәсіподақтар орталығы да қатысуда. Бірлескен топтар құрылыс алаңдарында көшпелі тексерулер мен профилактикалық іс-шаралар өткізеді.

Өндірістік жарақат қаупі жоғары нысандар мен жұмыс түрлеріне ерекше назар аударылады.

Ішкі бақылауды күшейту мақсатында министрлік елордадағы құрылыс компанияларына тиісті ұсынымдар жолдады. Бұл жұмыс құрылыс саласындағы шамамен 20 мың субъекті қамтиды.

Жұмыс берушілерге:

  • компания басшылығынан бастап әрбір құрылыс алаңына дейін қауіпсіздік талаптарының сақталуын тұрақты бақылау;

  • қауіптілігі жоғары жұмыстарды орындау кезінде жауапты мамандардың міндетті түрде болуын қамтамасыз ету;

  • еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер құрып, техникалық инспекторлардың жұмысына қолдау көрсету;

  • қызметкерлерге қосымша әлеуметтік кепілдіктер қарастыратын ұжымдық шарттар жасасу ұсынылды.

Министрлік құрылыс алаңындағы қауіпсіздік жұмыс берушінің тікелей жауапкершілігі екенін атап өтті. Еңбекті қорғау талаптары формалды түрде ғана орындалмай, жұмыстың барлық кезеңінде қамтамасыз етілуі тиіс.

Ведомство өндірістік жарақаттың алдын алу және бақылау шараларын одан әрі күшейтуді жоспарлап отыр. Негізгі мақсат — жазатайым оқиғалардың алдын алып, құрылыс саласындағы әрбір жұмысшыға қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету.

Ұқсас материалдар