Қазақстанның энергетика саласында жылу электр стансаларының сенімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. 2024–2025 жылдары елдегі электр стансаларында 20 энергия блогы, 118 қазандық және 84 турбина жөндеуден өтті.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде электр стансаларының орташа тозу деңгейі 56%-дан 53%-ға төмендеді. 2026 жылғы жөндеу науқаны аяқталғаннан кейін бұл көрсеткішті 52%-ға дейін қысқарту жоспарланып отыр.
Энергия нысандарының жұмысындағы ақаулар саны да азайған. Мәселен, 2023–2024 жылдардағы жылыту маусымында электр стансаларында 1 469 технологиялық бұзушылық тіркелсе, 2025–2026 жылдары олардың саны 1 004-ке дейін төмендеген.
Ал жылу желілеріндегі температуралық кестелердің сақталмау жағдайлары 215-тен 21-ге дейін қысқарды. Бұл көрсеткіштің он еседен астам жақсарғанын көрсетеді.
Электр стансаларының техникалық жағдайына қарай бөлінетін аймақтарда да оң өзгеріс бар. Соңғы екі жылда «қызыл аймақтағы» ЖЭО саны 19-дан 5-ке дейін азайды. «Сары аймақтағы» стансалар саны 11-ден 19-ға артса, техникалық жағдайы тұрақты «жасыл аймақтағы» ЖЭО саны 7-ден 14-ке дейін, яғни екі есеге көбейді.
Жаңа энергия қуаттары іске қосылады
Энергетикалық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етудің келесі бағыты – жаңа генерация қуаттарын іске қосу.
2025 жылы жалпы қуаты 166 МВт болатын дәстүрлі энергетика нысандары және жиынтық қуаты 503,5 МВт болатын 9 жаңартылатын энергия жобасы пайдалануға берілді.
2026 жылы елде жалпы қуаты 2,6 ГВт болатын дәстүрлі және жаңартылатын генерация нысандарын іске қосу жоспарланған. Биыл Қызылордада қуаты 240 МВт бу-газ қондырғысы пайдалануға берілді. Сонымен қатар Текелі энергокешенін жаңғырту аяқталып, оның қуаты екі жыл ішінде 53 МВт-қа артты.
Ірі жобалардың бірі – қуаты 1 ГВт «Түркістан» бу-газ қондырғысы. Жаңа нысан Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі электрмен қамту тұрақтылығын күшейтуге мүмкіндік береді.
2027 жылы тағы 845 МВт жаңа генерация қуатын енгізу көзделіп отыр. Бұл келесі жылдың бірінші тоқсанында ішкі электр энергиясына деген қажеттілікті толық өтеуге, ал жыл соңына қарай шамамен 1,3 млрд кВт·сағат профицит қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, көмір энергетикасын дамытуға бағытталған ұлттық жоба аясында 2030 жылға дейін 8 жаңа энергия көзін салу және жалпы қуаты 7,8 ГВт болатын 11 қолданыстағы электр стансасын жаңғырту жоспарланған.
Жаңартылатын энергетика саласында да жаңа жобалар іске асырылмақ. 2035 жылға дейін жиынтық қуаты кемінде 8,4 ГВт болатын жаңартылатын энергия нысандарын енгізу көзделген. Курчатов қаласында қуаты 700 МВт күн электр стансасының құрылысы басталды.





