Бізге жазылыңыз:

Дәрі-дәрмекке ҚҚС мөлшерлемесі талқыланды

Дәрі-дәрмекке ҚҚС мөлшерлемесі талқыланды

«Атамекен» барлық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға 5% бірыңғай ҚҚС енгізіп, медициналық қызметтерді салықтан босатуды ұсынды.

Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 24-отырысында денсаулық сақтау саласындағы ҚҚС мөлшерлемелері талқыланды. Жиынға Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалық етті.

Жаңа Салық кодексіне сәйкес, 2026 жылдан бастап дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада өткізуге 5% ҚҚС қолданылады. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мөлшерлеме 10%-ға дейін көтеріледі.

Сонымен бірге ТМККК және МӘМС аясында көрсетілетін медициналық қызметтер мен берілетін дәрілік заттар ҚҚС-тан босатылған. Бұл жеңілдік 3 мыңнан астам дәрі түріне қатысты. Сирек және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, диагностикалау, алдын алу және оңалту қызметтері де салықтан босатылған.

Денсаулық сақтау саласының өкілдері әртүрлі ҚҚС мөлшерлемелерін қолдану салық әкімшілендіруін күрделендіретінін атап өтті. Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП барлық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға бірыңғай 5% ҚҚС мөлшерлемесін енгізуді, ал медициналық қызметтерді ҚҚС-тан толық босатуды ұсынды.

«Атамекен» басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевтың айтуынша, ЭЫДҰ елдерінің басым бөлігінде медициналық қызметтерге ҚҚС мөлшерлемесі 0% деңгейінде.

Отырыста салықтық жеңілдіктердің дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтердің бағасына әсері де талқыланды. Қатысушылар ұсынылған өзгерістердің бюджетке, денсаулық сақтау саласына және халықтың медициналық көмек пен дәрі-дәрмекке қолжетімділігіне ықпалын қосымша талдауға келісті.

Бұдан бөлек, жиында Салық кодексінің 778-бабына қатысты мәселе қаралды. Аталған норма 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтың жаңа мөлшерлемелерін енгізуді көздейді. Қатысушылар бұл нормаларды ЕАЭО-ның мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын іске қосу мерзімдерімен синхрондау қажеттігін атап өтті.

Ұқсас материалдар