Бізге жазылыңыз:

ЖИ қаржы саласында: Қазақстанда мемлекеттік аудит цифрлы трансформациядан өтіп жатыр

ЖИ қаржы саласында: Қазақстанда мемлекеттік аудит цифрлы трансформациядан өтіп жатыр

Айталық, таяу арада ҚР Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті (ІМАК) үлкен деректерді талдау мен машиналық оқыту технологияларына негізделген камералды бақылаудың жаңа цифрлы құралдарын енгізетін болады.

Қаржы министрлігі мәліметінше, бұл есеп-қисапты тексеру жұмыстарын автоматтандырып, бақылау іс-шараларының дәлдігі мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ адам факторы мен басқа да сын-қатерді сейілтуге мүмкіндік береді.

 Тағы бір маңызды жаңалық – бюджет мониторингі мен профилактикалық бақылаудың ескертуді көздейтін рәсімдерін толық цифрландыру. Тың тетік мемлекеттік органдар мен ведомстволық бағынышты ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды жеделдетіп, уақыт шығындарын азайтады және бюджет қаражатын жұмсаудағы ашықтықты арттырады.
Бұған қоса кәсіби ортаны кешенді дамытуға бағытталған екі мамандандырылған цифрлы жоба қолға алынды.

«Аудитордың бірыңғай кабинеті» - ақпарат жүйелерімен жұмыс істеудің тиімділігі мен ыңғайлылығын арттыруға арналған әрі барлық бизнес-процесті бірыңғай терезеге интеграциялай отырып, Ішкі мемлекеттік аудит комитеті мен оның аумақтық департаменттерінің цифрлы басқару пункті болып саналады.

«Аудитор қалқаны АІ» - аудиторларды қашықтан оқытуға және сертификаттауға арналған «ақылды» жүйе. Ол үздіксіз біліктілікті арттыруды қамтамасыз етеді және мемлекеттік аудит саласындағы кадрлық әлеуетті күшейтеді.
Бұл бастамалардың барлығы ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев бекіткен ІМАК-нің қызметін цифрландыру жөніндегі Жол картасының бір бөлігіне айналды. Аталған құжат 30 іс-шараны қамтиды және талдау әлеуетін нығайтуға және аудиттің цифрлы құралдарын дамытуға бағытталған.


– Цифрлы трансформация сәтті өтуі үшін комитет «Электрондық қаржы орталығы» АҚ-мен арнайы жұмыс сессияларын өткізді. Бұл Қаржы министрлігінің ақпарат жүйелерін әзірлеушілермен үйлесімді жұмысты жолға қойып, біздің міндеттерді цифрлы инфрақұрылым мүмкіндіктерімен біріздендіруге септігін тигізді, - деді Ішкі мемлекеттік аудит комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Оразбай.
Қабылданған Жол картасы сын-қатерді жедел анықтап, кемшіліктердің алдын алуға мүмкіндік беретін мемлекеттік аудиттің цифрлы экожүйесін қалыптастыруға оң әсер етті.

 

Ұқсас материалдар