САРАПШЫЛАР
Сарапшылар экономиканың өсімі мен мұнай бағасына қатысты болжамдарын өзгертті

Экономикадағы өсім мен мұнай бағасы
Осы жылдың тамыз айында сауалнамаға қатысқандар барлық болжамдық кезеңде мұнай бағасына қатысты сценарийлік күтулерін жақсартты. 2025 жылға Brent маркалы мұнайдың медианалық бағасы баррель үшін 68,9-дан 69,5 АҚШ долларға дейін көтерілді. 2026 және 2027 жылдары да бағалар баррель үшін 69,5 АҚШ долл. деңгейінде тұрақтанады деп күтілуде (бұрын – барр. үшін тиісінше 69,0 және 68,5 АҚШ долл.).
Қазақстанның экономикалық өсу қарқыны бойынша болжамдар 2025 жылға 5,1%-дан 5,2%-ға дейін, 2026 жылға 4,6%-дан 4,7%-ға дейін жоғары қарай қайта қаралды. 2027 жылға экономикалық өсім 4,4% деңгейінде күтіледі.
Инфляция және базалық мөлшерлеме
Сауалнамаға қатысушылардың 2025–2026 жылдарға арналған инфляциялық күтулері жоғары бағытқа қарай ығыса түсті. 2025 жылы инфляция – 11,3% деңгейінде (бұрын – 11,0%), 2026 жылы – 9,5% (бұрын — 9,0%) болады деп болжанады. 2027 жылы инфляциялық қысымның азаюына байланысты болжам 7,0%-дан 6,5%-ға дейін төмендетілді.
Базалық мөлшерлеме бойынша медианалық мәндер 2025 жылдың соңына дейін 16,5% деңгейінде сақталды. 2026 жылға бұл көрсеткіш 14,0%-дан 14,3%-ға дейін қайта қаралды. 2027 жылы инфляциялық қысымның бәсеңдеуіне байланысты мөлшерлеме 11,8%-дан 11,3%-ға дейін төмендейді деп күтіледі.
Сауалнамаға қатысқан респонденттердің құрамы туралы
Сауалнамаға Қазақстан бойынша макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 13 ұйым қатысты. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар, сондай-ақ рейтингтік агенттіктер кіреді.
Макроэкономикалық сауалнамаға Ұлттық Банк болжамдары кірмейтінін еске саламыз. Ол қазақстандық және әлемдік нарықтардағы жағдайдың даму барысына қатысты нарықтағы кәсіби қатысушылардың тәуелсіз пікірлеріне, бағалауларына және күтулеріне жасалған шолудан тұрады.