Қазақстан Президенті Шетелдік инвесторлар кеңесінің жаңартылған дербес құрамын бекітті. Тиісті өзгерістер 2026 жылғы 1 шілдедегі Президент өкімімен енгізілді.
Шетелдік инвесторлар кеңесі – Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган әрі мемлекет пен халықаралық бизнес арасындағы тікелей диалогтың негізгі алаңы. Қазіргі таңда Кеңес құрамына 34 жетекші халықаралық компания мен ұйымның басшылары, сондай-ақ 8 бақылаушы кіреді.
Кеңестің жаңа толыққанды мүшелері қатарында бұған дейін бақылаушы ретінде қатысқан Alstom компаниясының Африка, Таяу Шығыс және Орталық Азия өңірлері бойынша президенті Мартан Вожур, сондай-ақ Power International Holding компаниясының басшысы Мутаз Әл-Хаят бар.
Ал Presight AI Holding PLC басқарма төрағасы Томас Прамотедхам мен Ислам даму банкінің президенті Мұхаммад Сүлейман Әл-Жассер Кеңестің бақылаушы мәртебесіне ие болды.
Қазақстан тарапынан Кеңес құрамына Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Әсел Жанасова, Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Нұрлан Байбазаров, Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев және Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев енгізілді.
Кеңестің жаңартылған құрамы Қазақстан мен халықаралық бизнес арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, инвестициялық серіктестікті кеңейтуге және елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.





