Қазақстанда міндетті сақтандыру жүйесін жаңарту жоспарлануда. Ұсынылып отырған өзгерістер азаматтар мен бизнес үшін сақтандыру шарттарын түсініктірек етіп, қорғанысты нақты тәуекелдерге бейімдеуге бағытталған.
«Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы» жобасында қазіргі 8 міндетті және 10 жүктелген сақтандыру түрін бірыңғай модельге көшіру ұсынылады.
Жаңа тәсіл бойынша сақтандыру қорғанысының негізгі қағидалары мен кепілдіктері заңда бекітіледі. Ал экономикалық жағдайлар мен тәуекелдердің өзгеруіне байланысты параметрлер заңға тәуелді актілер мен сақтандыру шарттары арқылы реттеледі.
Сонымен қатар міндетті сақтандыруда тәуекелге бағдарланған тарифтерді енгізу көзделіп отыр. Сақтандыру компаниялары реттеуші белгілейтін тарифтік дәліз шегінде клиенттің жеке тәуекел деңгейін ескеріп, полис құнын анықтай алады. Тарифтік дәліздер тәуелсіз актуарлық бағалау негізінде тұрақты қайта қаралады.
Міндетті сақтандыру аясын да кеңейту жоспарлануда. Бірінші кезеңде тұрғын үйлерді жер сілкінісі, су тасқыны және табиғи орман өрттерінен міндетті сақтандыру ұсынылады. Бұл тұрғын үйге елеулі зиян келген жағдайда азаматтарға алдын ала белгіленген сақтандыру төлемін алуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Қазақстанға келетін шетелдік туристер үшін міндетті медициналық сақтандыру енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Полис шұғыл медициналық көмекті, медициналық тасымалдауды және репатриацияны қамтуы мүмкін. Оның бар-жоғын цифрлық жүйелер арқылы тексеру жоспарланып отыр.
Алайда жаңа міндетті сақтандыру түрлері бірден енгізілмейді. Әрбір ұсыныс бойынша алдын ала актуарлық бағалау жүргізіліп, тәуекелдер, қажетті сақтандыру көлемі, жарналардың қолжетімділігі және қолданыстағы қорғау тетіктері зерттеледі.
Реформаның негізгі мақсаты — міндетті сақтандыруды формалды талаптан азаматтар мен бизнес үшін түсінікті әрі тиімді қаржылық қорғау құралына айналдыру.





