Қазақстан коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту саласында Еуропалық қайта құру және даму банкімен (ЕҚДБ) ынтымақтастығын кеңейтіп келеді. Бірлескен жобаларды іске асыру мәселесі Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Қазақстан Үкіметінің халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында талқыланды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қазақстанның ЕҚДБ-мен Ақтөбе, Қарағанды және Риддер қалаларындағы кәріз-тазарту құрылыстарын (КТҚ) салу және реконструкциялау жобалары бойынша ынтымақтастығы туралы баяндады.
Риддер қаласына ерекше назар аударылып отыр. Мұнда тазарту құрылыстарының тозу деңгейі жоғары. Оларды жаңғырту үшін жергілікті бюджеттен бірлесіп қаржыландыру арқылы мемлекеттік кепілдікпен ЕҚДБ қаржысын тарту жоспарлануда.
Реконструкция аяқталғаннан кейін Риддердегі КТҚ-ның қуаты тәулігіне 19 мың текше метрге жетуі тиіс.
«Бұл жобаның іске асырылуы ЕҚДБ-мен ұзақ мерзімді әріптестігіміздің кезекті практикалық нәтижесі болып, коммуналдық инфрақұрылымның сапасын және өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға ықпал етеді», — деді Ерсайын Нағаспаев.
Өз кезегінде ЕҚДБ Қазақстанның су және коммуналдық инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысуға дайын екенін растады. Банктің Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Озхан осы бағыттағы жұмысты жалғастыру ниетін білдірді.





