Бізге жазылыңыз:

ҚМГ Өзенмұнайгаз кен орындарын цифрландыруды кеңейтеді

ҚМГ Өзенмұнайгаз кен орындарын цифрландыруды кеңейтеді

«Өзенмұнайгаз» АҚ-да «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Асхат Хасеновтің төрағалығымен өндірістік кеңес өтіп, компания кен орындарын игерудің тиімділігін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелері қаралды.

Қабат қысымын ұстап тұру және суландыру үдерісін тиімді басқару мақсатында шамамен 500 айдау ұңғымасында тиісті жұмыстар жүргізілді. Негізгі міндеттердің қатарында ұңғымаларды шығын өлшегіштермен жабдықтау, айдау құбырларын ауыстыру және суды бағыттап айдауды қамтамасыз ету бар. Сонымен қатар рентабельділігі төмен және сулануы жоғары ұңғымалар бойынша жұмыс жалғасуда.

Кен орындарының жағдайын бағалап, оларды одан әрі игеруді жоспарлауға мүмкіндік беретін тұрақты геологиялық-гидродинамикалық модельдер әзірленіп жатыр. Үзень кен орнында 13–14 горизонттардың модельдері жаңартылды, қалған горизонттарды модельдеу жұмыстары жүргізілуде. Осындай жұмыстар Қарамандыбас кен орнында да жүзеге асырылуда.

Мұнай беру коэффициентін арттыру және жаңа нысандарды барлау арқылы қор көлемін ұлғайту да басым бағыттардың бірі болып отыр. Қазіргі уақытта триас шөгінділеріндегі бағалау ұңғымасын бұрғылау жалғасып, керн алу жұмыстары жүргізілуде. Қазан айының соңында Батыс Теңге кен орнында терең бағалау ұңғымасын бұрғылау жоспарланған. Жыл қорытындысы бойынша геологиялық қорды 980 мың тоннаға арттыру күтілуде.

Ұңғымалардың жөндеуаралық кезеңін ұзарту үшін олар электрлі ортадан тепкіш сорғыларға ауыстырылуда. Қазіргі таңда мұндай қондырғылардың саны 510-нан асты. Бұдан бөлек, 1 980 ұңғымада қорғаныш жабыны бар сораптық-компрессорлық құбырлар мен жоғары сенімділікке ие штангалар қолданылуда. Бұл жабдықтың жөндеуге дейінгі пайдалану мерзімін ұзартуға және мерзімінен бұрын істен шығу жағдайларын азайтуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар жаңа ұңғымаішілік сорғы жабдығының 80 жиынтығы тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтан өткізіліп жатыр.

ӨМГ инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар, кен орындарын тиімді игеру үшін жасанды интеллект негізіндегі цифрлық шешімдерді де енгізуде. Жыл басынан бері ABAI цифрлық платформасының көмегімен мұнай өндіруді арттыру мақсатында 49 ұңғымаға геологиялық-техникалық іс-шаралар іріктелді.

Сонымен бірге өндірістік және геологиялық-кәсіпшілік деректерді біріктіретін «Цифрлық егіз» жобасы іске асырылуда. Бұл шешім кен орындарының жұмысын талдауға, түрлі сценарийлерді модельдеуге және өндірістік шешімдерді тиімді қабылдауға мүмкіндік береді.

Кеңес қорытындысы бойынша Асхат Хасенов жаңа технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу, сондай-ақ кен орындарын игеру тиімділігін одан әрі арттыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Ұқсас материалдар