Қазақстанның банк секторы қаржылық көрсеткіштерін жақсартып қана қоймай, халықаралық деңгейде де өз позициясын нығайтып келеді. Отандық банктер цифрлық қызметтерді кеңейтіп, жаңа өнімдерді дамытып, кәсіби қауымдастықтың мойындауына ие болуда.
Соңғы бес жылда екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) активтері 2,2 есе өсіп, 75,6 трлн теңгеге жетті. Несие портфелі 2,6 есе артып, 45 трлн теңгені құрады, ал меншікті капитал 2,7 есе өсіп, 11,4 трлн теңгеге жетті. Халықтың депозиттері 2,5 есе ұлғайып, 30,5 трлн теңгені құрады. Бизнес депозиттері де 1,7 есе өсіп, 21,1 трлн теңгеге жетті.
Нарықтың едәуір бөлігі ірі ойыншылардың үлесінде. Қазақстандағы жетекші бес банкке жиынтық активтердің 69%-дан астамы, несие портфелінің шамамен 76%-ы және халық салымдарының 80%-дан астамы тиесілі.
Қазақстандық банктер төрт марапатқа ие болды
Банк секторының дамуын растайтын кезекті оқиға — қазақстандық банктердің Asian Banking & Finance Awards 2026 сыйлығына қатысуы. Марапаттау рәсімі 2 шілдеде Сингапурде өтті. Азия өңіріндегі қаржы ұйымдарына арналған бұл сыйлықты Asian Banking & Finance салалық басылымы жыл сайын ұйымдастырады.
Биыл қазақстандық банктер төрт марапатқа ие болды.
Halyk Bank үш номинация бойынша жеңімпаз атанды:
-
Domestic Retail Bank of the Year — Қазақстанның жыл үздік бөлшек банкі;
-
Ecosystem Initiative of the Year — жылдың үздік экожүйелік бастамасы;
-
Private Bank of the Year — Private Banking сегментіндегі жыл банкі.
Ал ForteBank SME Bank of the Year — шағын және орта бизнеске қызмет көрсететін жыл банкі номинациясында жеңіске жетті.
Осылайша, Halyk Bank-тің жетістіктері бірден бірнеше бағытты қамтыды: бөлшек клиенттерге қызмет көрсету, экожүйені дамыту және ауқатты клиенттерге арналған қызметтер. ForteBank шағын және орта бизнеспен жұмыс істеудегі нәтижелері үшін марапатталды.
Қазақстандық банктер бұл сыйлыққа алғаш рет қатысып отырған жоқ. 2025 жылы Halyk Bank Corporate & Investment Bank of the Year — корпоративтік және инвестициялық банкинг саласындағы жыл банкі атанды. Ал ForteBank Domestic Retail Bank of the Year және SME Bank of the Year номинацияларында марапатқа ие болды.
Халықаралық сыйлықта не бағаланады?
Asian Banking & Finance Awards қаржы ұйымдарының көлемін ғана емес, олардың нақты нәтижелері мен бастамаларын да бағалайды. Бағалау өлшемдеріне қаржылық және операциялық көрсеткіштер, инновациялық өнімдер, цифрлық шешімдер, клиенттерге қызмет көрсету сапасы, корпоративтік және инвестициялық банкинг, жекелеген мәмілелер, тұрақты қаржыландыру, тәуекелдерді басқару және комплаенс кіреді.
Ranking.kz басылымының мәліметінше, 2026 жылы өтінімдерді Deloitte, PwC, Kearney, Boston Consulting Group және Simon-Kucher өкілдері кірген тәуелсіз сарапшылар комиссиясы бағалаған.
Сыйлықтың өзге лауреаттары қатарында HSBC, Maybank, CIMB, HDFC Bank, Krungthai Bank және Emirates NBD сияқты Азия мен Таяу Шығыстың ірі қаржы ұйымдары бар. Сондай-ақ жеңімпаздар қатарынан Моңғолия, Қырғызстан және Өзбекстан банктері де орын алды.
Халықаралық салалық марапаттар банктерге өз өнімдері мен жобаларын кәсіби қауымдастыққа таныстыруға, іскерлік беделін нығайтуға және басқа елдердің қаржы ұйымдарымен салыстырмалы түрде бағалануға мүмкіндік береді.
Қазақстан үшін мұндай мойындау банк секторының активтер, кредиттеу және депозиттер сияқты дәстүрлі көрсеткіштермен ғана шектелмейтінін көрсетеді. Цифрландыру, клиенттік тәжірибе және экожүйелік шешімдер отандық қаржы секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыратын маңызды факторларға айналып келеді.
Дереккөз: Ranking.kz.





