Бізге жазылыңыз:

«Ұмай» жеңілдетілген ипотекасына өтінім қабылдау бірнеше сағатта аяқталды

«Ұмай» жеңілдетілген ипотекасына өтінім қабылдау бірнеше сағатта аяқталды

Отбасы банк «Ұмай» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы бойынша өтінім қабылдауды аяқтады. Азия даму банкінің (АДБ) қаржыландыруымен бөлінген екінші транш аясында қазақстандық әйелдерден жалпы сомасы 20 млрд теңгені құрайтын 850 өтінім түсті. Бұл туралы қаржы институты хабарлады.

Өтінім қабылдау 3 қарашада басталып, алғашқы минуттардан-ақ жоғары сұранысқа ие болды. Сағат 15:00-дегі жағдай бойынша банк 12,5 млрд теңге сомасына 524 өтінім қабылдаған. Сағат 16:00-де бөлінген қаражат лимиті толық игеріліп, өтінім қабылдау тоқтатылды.

Түскен өтінімдердің 352-сі Отбасы банк кеңесшілері арқылы берілген. Қаржы институтының мәліметінше, қабылданған барлық өтінім бойынша қатысушыларға несие алуға алдын ала мақұлдау берілген.

Бағдарламаға деген жоғары сұраныс оның тиімді шарттарымен байланысты. Қатысу үшін конкурстық іріктеу қарастырылмаған, бастапқы жарна мөлшері төмендетілген. Сонымен қатар тұрғын үйді бастапқы және қайталама нарықтан сатып алуға болады. Бұдан бөлек, қатысушының атында баспананың болмауы міндетті талап емес.

Өтінім беру процесін жеңілдету үшін банк бірнеше арнаны ұсынды. Құжаттарды Отбасы банк сайтындағы «Бейнеқызмет көрсету» сервисі және Baspana Market платформасындағы жеке кабинет арқылы онлайн тапсыруға, сондай-ақ банк кеңесшілерінің көмегімен немесе бөлімшелерде рәсімдеуге мүмкіндік болды.

Бағдарлама басталған күні банктің цифрлық сервистеріне түсетін жүктеме күрт артып, кейбір пайдаланушылар кеңес алу және құжат тапсыру кезінде кідірістерге тап болды. Кейін банк сервистердің жұмысын тұрақтандыру үшін қажетті шаралар қабылданғанын хабарлады.

3 қарашада өтінім беріп үлгермеген әйелдер АДБ-дан қаржыландырудың келесі транштары түскеннен кейін бағдарламаның алдағы кезеңдеріне қатыса алады. Банк өтінім қабылдаудың жаңа мерзімдері туралы қосымша хабарлайтынын мәлімдеді.

«Ұмай» бағдарламасы алғаш рет 2021 жылы іске қосылды. Сол кезде Азия даму банкі оны жүзеге асыруға 38 млрд теңге бөлген. Үш жыл ішінде бағдарлама 3 661 қазақстандық әйелге жеке баспана алуға көмектесті.

2026 жылғы тамызда Отбасы банк 9 млрд теңге көлеміндегі алғашқы траншты алды. Бірінші транш бойынша өтінім қабылдау 31 тамызда сағат 09:00-де басталып, сол күні сағат 16:00-де аяқталды. 3 қарашадағы жағдай бойынша бөлінген қаражаттың 96%-ы игерілген: жалпы сомасы 8,6 млрд теңгеге 435 несие берілді.

Қазан айында банк «Ұмай» бағдарламасына 20 млрд теңге көлеміндегі екінші транштың түскенін хабарлаған болатын. 3 қарашада өтінім қабылдау барысында осы қаражат толық бөлінді.

Ұқсас материалдар