Бізге жазылыңыз:

Ұлттық қор қаражаты тұрғын үй компаниясын қолдауға жұмсалмайды

Ұлттық қор қаражаты тұрғын үй компаниясын қолдауға жұмсалмайды

Үкімет Ұлттық қор қаражаты есебінен «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ-ны қосымша қорландыруды орынсыз деп санайды. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Үкімет басшысының айтуынша, халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болғанымен, тұрғын үй және инфрақұрылым құрылысына мемлекеттік қаржыға тәуелділікті азайту қажет.

Оның сөзінше, жаңа Бюджет кодексі өңірлердің қаржылық дербестігін күшейтіп, қаржыландыруды орталықсыздандыру қағидатын бекітті. Соның аясында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға арналған шығыстар республикалық бюджеттен жергілікті деңгейге беріліп жатыр.

– Бұл жергілікті атқарушы органдарға қаржыны нақты өңірлік басымдықтарға сәйкес икемді бөлуге мүмкіндік береді, – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министрдің мәліметінше, инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін әкімдіктердің нарықтық құралдарды пайдалану мүмкіндігі жеткілікті. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдардың борыш лимиті 7,2 трлн теңге деңгейінде белгіленген.

Сондай-ақ Үкіметтің арнайы қаулысына сәйкес өңірлер ішкі нарықта мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы қаражат тарта алады. Бұл қаражатты жылу, электр және сумен жабдықтау желілерін салуға және жаңғыртуға, су бұру жүйелерін дамытуға, сондай-ақ тұрғын үй салу мен сатып алуға бағыттауға мүмкіндік бар.

Олжас Бектенов Ұлттық қор қаражатын «Қазақстандық тұрғын үй компаниясын» ұзақ мерзімді қаржыландыруға пайдалану заңнамалық шектеулерге қайшы келетінін атап өтті.

– Ұлттық қор жинақтау және тұрақтандыру функцияларын атқарады. Қолданыстағы заңнама қор активтері есебінен заңды тұлғаларды кредиттеуге және қазақстандық эмитенттердің ішкі қаржы құралдарын сатып алуға тікелей тыйым салады, – деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, мұндай қаржыландыру тек баламалы көздер болмаған жағдайда және Президенттің арнайы шешімімен ұлттық маңызы бар жобалар үшін ғана қарастырылуы мүмкін.

Премьер-министр қазіргі жаһандық экономикалық тұрақсыздық жағдайында және Ұлттық қор активтерін 100 млрд долларға дейін жеткізу міндетін ескере отырып, Үкімет резервтерді пайдалануда қатаң қаржылық тәртіп ұстанатынын айтты.

Сонымен қатар ол 2014–2016 жылдары Ұлттық қордан «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» мен «Бәйтерек» холдингіне жылдық 0,1% мөлшерлемемен бөлінген 490 млрд теңге көлеміндегі жеңілдікті қарыздың әлі қайтарылмағанын еске салды.

Бұл қаражат қазіргі уақытта құрылыс секторында айналымда қалып отыр, ал оны қайтару кестесі бойынша төлемдер тек 2034 жылдан басталады.

– Осыны ескере отырып, дәл осы мақсаттарға Ұлттық қордан қосымша қаражат бөлу тиімсіз деп санаймыз, – деді Олжас Бектенов.

Ұқсас материалдар