Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда аккредиттеу қағидалары қайта қаралады

Қазақстанда аккредиттеу қағидалары қайта қаралады

Қазақстанда ұлттық аккредиттеу жүйесін жетілдіру жоспарланып отыр. Саланы реформалау мәселелері ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиевтің төрағалығымен өткен кеңейтілген кеңесте талқыланды. Жиында Техникалық реттеу және метрология комитетінің рәсімдердің ашықтығын арттыруға және аккредиттелген ұйымдардың қызметіне бақылауды күшейтуге бағытталған ұсыныстары қаралды.

Қазіргі уақытта елімізде 1 764 аккредиттеу субъектісі жұмыс істейді. 2026 жылғы қаңтар–қыркүйек аралығында 418 бақылау іс-шарасы өткізілген. Нәтижесінде 378 жағдайда заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша 27 аккредиттеу аттестатының қолданысы тоқтатылып, тағы 30 297 құжаттың күші жойылды.

Реформаның негізгі бағыттарының бірі – ішкі нормативтік құжаттар санын қысқартып, реттеу жүйесін оңтайландыру. Қазіргі уақытта Ұлттық аккредиттеу орталығының қызметі 79 ішкі нормативтік құжатпен реттеледі.

Талаптарды жүйелеу мақсатында Аккредиттеу қағидаларының жаңа жобасы әзірленді. Құжат «Атамекен» ҰКП-мен және Сәйкестікті бағалау органдарының қазақстандық қауымдастығымен келісілген. Жаңа қағидалар қабылданғаннан кейін қолданыстағы 20 ішкі нормативтік құжаттың күшін жою жоспарланып отыр. Бұл нарық қатысушыларына қойылатын талаптарды түсінікті етіп, адал жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Сонымен қатар зертхана қызметкерлерінің біліктілігіне қойылатын талаптарды күшейту ұсынылды. Атап айтқанда, сынақ зертханаларының басшыларында сарапшы-аудитор мәртебесі болуы қажет.

Ұлттық аккредиттеу орталығы рәсімдерді өзгертуге бағытталған бірқатар бастаманы да ұсынды. Олардың қатарында жоспарлы бағалауды қашықтан өткізу, сертификаттау органдары инспекциялық бағалау жүргізген кезде отандық өндірушілерді қолдау, сондай-ақ зертханалардың бір аккредиттеу аттестаты аясында әртүрлі қалаларда жұмыс істеу тәжірибесін тоқтату бар. Бұдан бөлек, инспекция органдарының аккредиттеу салаларына қойылатын талаптарды қайта қарау көзделіп отыр.

Тексерулердің объективтілігін арттыруға да ерекше назар аударылды. Осы мақсатта бағалау рәсімдері кезінде фото және бейнетіркеуді міндетті түрде қолдану ұсынылды. Оның ішінде бағалаушылардың жеке бейнетіркегіштерді пайдалануы қарастырылған. Сондай-ақ сынақ жабдықтарын сәйкестендіру жүйесін енгізу бастамасы көтерілді.

Әзірлеушілердің пікірінше, бұл шаралар рәсімдердің ашықтығы мен қадағалануын қамтамасыз етіп, заңбұзушылықтардың алдын алуға және сынақ нәтижелерінің дұрыстығын арттыруға мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар