Қазақстан мен Әзербайжан Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамыту бойынша ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отыр. Бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және жүк тасымалы көлемін арттыру мәселелерін Қазақстанның көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Әзербайжанның Қазақстандағы елшісі Әлімірзамин Алескеров және AZCON Holding өкілі Шахин Бабаев талқылады.
Кездесуде негізгі назар «Каспий көпірі» жобасын жүзеге асыруға аударылды. Жоба аясында паромдар теміржолдың жалғасы ретінде пайдаланылмақ. Бұл вагондарды Каспий теңізі арқылы жүкті түсіріп, қайта тиеу қажеттілігінсіз тасымалдауға мүмкіндік береді.
Бастапқы кезеңде жоба жылына 8 млн тоннаға дейін жүк тасымалдауға есептелген. Кейін бұл көлемді 10–12 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Әзербайжан делегациясының сапары аясында «Самұрық-Қазына» АҚ мен AZCON Holding жобаны дайындау және іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Сонымен қатар «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Әзербайжан темір жолдары» ЖАҚ Алят портында бірлескен интермодальды жүк терминалын құрудың негізгі шарттарын айқындайтын Term Sheet құжатына қол қойды.
Тараптар бірлескен терминалдар желісін қалыптастыру, локомотив және кеме жасау салаларындағы өндірістік кооперацияны дамыту, тариф саясатын үйлестіру және жүктерді Еуропаға жеткізу мерзімдерін қысқарту мәселелерін де қарастырды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар көлік саласындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады. Бірлескен жұмыстың негізгі мақсаты – Орта дәліздің өткізу қабілетін арттыру, инфрақұрылымды дамыту және Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдаудың тиімділігін күшейту.





