Қазақстан мен Әзербайжан Каспий арқылы жолаушылар тасымалын қайта бастайды
Қазақстан мен Әзербайжан Каспий теңізі арқылы жолаушылар тасымалын қайта жандандыруды жоспарлап отыр. Әңгіме Құрық порты — Баку порты — Құрық порты бағыты туралы болып отыр. Бұл бағыт COVID-19 пандемиясына байланысты 2020 жылы тоқтатылған еді.
Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Алим Байельдің айтуынша, Әзербайжан тарапы Қазақстанның бастамасын қолдады. Қазір екі елдің көлік ведомстволары жолаушылар қатынасын қысқа мерзімде қайта іске қосу мәселесін пысықтап жатыр.
Паром қатынасы тоқтатылғанға дейін бұл бағытты жылына шамамен 1,5 мың жолаушы пайдаланған. Дипломаттың пікірінше, қатынас қайта іске қосылғаннан кейін Каспий арқылы сапарларға қызығушылық айтарлықтай артуы мүмкін.
Паром желісінің қайта іске қосылуы екі ел арасындағы туристік алмасуды дамытуға және Орта дәліздің көлік мүмкіндіктерін кеңейтуге серпін бермек.
Бұл ретте Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы әуе қатынасы да белсенді дамып келеді. Қазіргі уақытта Баку мен Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырау қалалары арасында 37 әуе рейсі орындалады.
Дереккөз: inform.kz





