Бізге жазылыңыз:

Қазақстан мен Қытай арасында жаңа әуе бағыттары ашылады

Қазақстан мен Қытай арасында жаңа әуе бағыттары ашылады

Қазақстан мен Қытай өңіраралық әуе қатынасын кеңейтуді жоспарлап отыр. Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Urumqi Airlines әуе компаниясының вице-президенті Чжан Лян жаңа рейстерді іске қосу және авиация саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Қытайлық тасымалдаушы Үрімші – Қарағанды, Құлжа (Инин) – Астана және Құлжа (Инин) – Алматы бағыттары бойынша тұрақты рейстер ашуды жоспарлап отыр.

Қазақстан тарапы өз кезегінде рейстер географиясын кеңейтіп, Өскемен, Семей, сондай-ақ алдағы уақытта іске қосылатын Зайсан мен Катонқарағай әуежайларына қатынастарды қарастыруды ұсынды. Бұл өңірлердің туристік әлеуетін арттырып, шекара маңындағы көлік байланысын күшейтуге мүмкіндік береді.

Кездесу барысында тағы бір маңызды бастама – Қытайда шығарылатын COMAC C909 ұшақтарын пайдалана отырып, Қазақстанда бірлескен өңірлік әуе компаниясын құру мүмкіндігі талқыланды. Мұндай жоба ішкі әуе қатынасын кеңейтіп қана қоймай, жаңа туристік бағыттардың дамуына және өңірлік авиацияның қолжетімділігін арттыруға ықпал етуі мүмкін.

Тараптар азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендерін растады.

Ұқсас материалдар