Қазақстан мен Оңтүстік Корея ет консервілерін өндіретін бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге келді. Кәсіпорын Қазақстанда салынады, ал қазақстандық тараптан жобаға Samsar Investment компаниясы қатысады. Екі тараптың жалпы инвестиция көлемі $1,3 млн болады.
Тиісті келісім Алматыда өткен Қазақстан-Корея бизнес-форумында жасалды.
Сонымен қатар тараптар қазақстандық өнімдерді Корея нарығына жеткізуді арттыруға уағдаласты. Атап айтқанда, Қазақстан Оңтүстік Кореяға $13 млн-ға 1 мың тонна сиыр етін экспорттауды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, Samsar Investment Кореяға ай сайын 3 мың тонна тазартылған күнбағыс майын экспорттау туралы келісімге келді.
Екі елдің 200-ден астам бизнес өкілі қатысқан форум қорытындысында жалпы құны $54,8 млн болатын коммерциялық құжаттарға қол қойылды. Іс-шараға 55 жыл бұрын құрылған Корея импорттаушылар қауымдастығының (KOIMA) құрамында шамамен 100 бизнес өкілі бар делегациясы арнайы келді.
Кездесу маусым айында Сеулде өткен Korea Import Expo 2026 көрмесінің жалғасы болды. Көрмеге ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі саласында жұмыс істейтін 15 қазақстандық компания қатысып, қазақстандық өнімдерге кореялық тараптың қызығушылығы артқан.
Корея импорттаушылар қауымдастығының төрайымы Ён Ми Юн Қазақстанның кореялық нарыққа өнім жеткізуді кеңейтуге мүмкіндігі жоғары екенін атап өтті.
«Қазақстан тек табиғи ресурстарға бай мемлекет қана емес, сонымен қатар Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды экономикалық және логистикалық орталық. Энергетика, өнеркәсіп және стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар салаларындағы артықшылықтарымен қатар, ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібінің тұрақты дамуы Қазақстанға Корея Республикасына тауар жеткізу тізбектерін әртараптандыру және нығайту үшін айтарлықтай мүмкіндіктер береді», — деді Ён Ми Юн.
Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы сауда-экономикалық байланыс та кеңейіп келеді. Өткен жылы екі елдің тауар айналымы $3,17 млрд болып, 2024 жылмен салыстырғанда 1,3%-ға өсті.
2026 жылдың қаңтар–маусым айларында екі ел арасындағы тауар айналымы $1,3 млрд болды. Осы кезеңде Қазақстан өнімдерінің Кореяға экспорты 17,2%-ға артқан.
Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков Қазақстан үшін сауда көлемін ұлғайтумен қатар, жоғары қосылған құны бар өнімдердің экспортын арттыру маңызды екенін айтты.
«Корея Республикасы Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық серіктесі. Біздің елдеріміз арасындағы байланыс 1992 жылдан бері орнаған дипломатиялық, сауда-экономикалық байланыс өзара сеніммен ынтымақтастыққа негізделе дамып келеді. Біз үшін сауда көлемін ұлғайту ғана емес, сонымен қатар дайын өнімдер мен қосылған құны жоғары тауарлар экспортын арттыру маңызды», — деді ол.
Форум соңында қазақстандық өнімдердің көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар кореялық бизнес делегацияға ет өнімдерінен дегустациялық кешкі ас өткізіліп, «Terra» ЖШС сиыр және қой етінен дайындалған стейктер ұсынды.
Көрмеде Arba Wine, «Голд Продукт», «Алматинский продукт», Lemonadoff, Elimay Qymyz, «Тәп-тәтті», «Бурненская молочная компания», «Вкус Благости», «Мерке Ет», Terra, Fresh Milk, Honey100%, «Баян-Сұлу» және «Аланс» сияқты қазақстандық компаниялардың өнімдері таныстырылды.





