Әйелдер кәсіпкерлігін қаржыландыруды бақылайтын ұлттық платформа іске қосылды
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әйелдер кәсіпкерлерін қаржыландыруды мониторингтеуге арналған ұлттық аналитикалық платформаны іске қосты. Бұл – елдегі әйелдердің қаржылық ресурстарға қолжетімділігін кешенді түрде бақылауға мүмкіндік беретін алғашқы цифрлық ресурс. Платформа wefikazakhstan.com сайтында тәулік бойы қолжетімді және үш тілде жұмыс істейді.
Жоба Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан Әйелдер кәсіпкерлігін қаржыландыру бағдарламасы аясында әзірленді. Алғаш рет әйел кәсіпкерлерді айқындаудың бірыңғай әдістемесі жасалып, олардың кәсіпкерлік несиелеу жүйесіндегі үлесін жан-жақты бағалауға мүмкіндік туды.
Платформа банктер мен микроқаржы ұйымдарының деректерін біріктіріп, шағын, орта және ірі бизнес субъектілерінің несиелік портфельдерін қамтиды. Пайдаланушылар қаржыландыру көлемін, несиелік портфельдің сапасын, салалық және өңірлік құрылымды, сондай-ақ қарыз алушылардың демографиялық ерекшеліктерін талдай алады.
Арнайы сүзгілеу жүйесінің көмегімен өңірлер, бизнес көлемі, есепті кезеңдер және басқа да көрсеткіштер бойынша аналитикалық мәліметтерді қалыптастыруға болады. Агенттік жаңа платформаның іске қосылуы ақпараттың ашықтығын арттырып, талдау сапасын жақсартып, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бойынша жаңа шараларды әзірлеуге негіз болатынын атап өтті.





