Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерді пайдалану кезінде жеке қауіпсіздікке ерекше назар аударуға шақырды. Ведомствоның мәліметінше, интернеттегі қауіпсіздік қарапайым, бірақ маңызды ережелерден басталады.
Министрлік жасөспірімдерге мекенжай, телефон нөмірі, мектеп атауы, сабақ кестесі сияқты жеке ақпаратты жарияламауға кеңес береді. Сондай-ақ геолокациясы бар фото мен стористі нақты уақыт режимінде емес, барған жерден кеткеннен кейін ғана бөліскен дұрыс.
ІІМ әлеуметтік желілерде тек жеке танитын адамдарды ғана достар қатарына қосуды, аккаунттың құпиялық баптауларын дұрыс реттеуді және бейтаныс адамдарға жеке фотоларды, құжаттарды немесе басқа да құпия мәліметтерді жібермеуді ұсынады.
Егер белгісіз адам шамадан тыс қызығушылық танытып, жеке ақпарат сұраса немесе қорқытуға тырысса, онымен байланысты бірден тоқтатып, аккаунтын бұғаттау қажет. Мұндай жағдайлар туралы міндетті түрде ата-анаға немесе сенім артатын ересек адамға хабарлау ұсынылады.
ІІМ цифрлық ортада қауіпсіздік ережелерін сақтау жеке деректерді қорғауға және ықтимал қауіптердің алдын алуға көмектесетінін еске салды.





