Банктік шоттар не үшін бұғатталады және шектеуді қалай алып тастауға болады?
Қазақстанда банктік шоттар бойынша шығыс операцияларының тоқтатылуына камералдық бақылаудың жүргізілуі емес, салық төлеушінің жіберілген хабарламаға жауап бермеуі негіз болады. Бұл туралы мемлекеттік кірістер органдары хабарлады.
Камералдық бақылау тұрақты түрде жүргізіледі. Қазіргі уақытта салық органдары екінші деңгейлі банктерден алынған POS-терминалдар арқылы түскен ақша туралы мәліметтерді, сондай-ақ мобильді аударымдар жөніндегі ақпаратты салық есептілігіндегі деректермен салыстырады.
Егер мәліметтер арасында сәйкессіздік анықталса, салық төлеушіге тиісті хабарлама жіберіледі. Мұндай хабарламалар қыркүйек айында жолданған.
Хабарламаны орындауға салық төлеушінің жеке кабинетіне жеткізілген күннен бастап 30 жұмыс күні, яғни 45 күнтізбелік күн беріледі. Егер осы мерзімде жауап ұсынылмаса, мемлекеттік кірістер органдары банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтатады.
Шоттардағы шектеуді қалай алып тастауға болады?
Хабарламаны орындау үшін төмендегі екі тәсілдің бірін қолдану жеткілікті:
-
қосымша салық есептілігін тапсырып, тиісті салықтарды төлеу;
-
анықталған сәйкессіздіктердің себептерін түсіндіретін жауап ұсыну.
Салық төлеуші хабарламаға жауап бергеннен кейін шығыс операцияларын тоқтату туралы шектеу алынып, банктік шоттар арқылы төлем жасау қайта қолжетімді болады.
Хабарламаның бар-жоғын тексеріп, оған жауапты салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы жіберуге болады.





