Алматы Орталық Азиядағы жетекші туристік бағыттардың бірі ретіндегі позициясын нығайтып келеді. Mastercard Tourism Insights және D/AI Destinations халықаралық платформаларының дерегіне сәйкес, 2026 жылдың бірінші тоқсанында Алматыға ұшақ билеттерін іздеу көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 71%-ға артқан.
Шетелдік туристер арасында ең жоғары өсім Қытайдан (+166%), АҚШ-тан (+93%), Ұлыбританиядан (+85%) және Оңтүстік Кореядан (+75%) тіркелді. Бұл Алматының халықаралық туристік нарықтағы тартымдылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай өсімге халықаралық әуе қатынасының кеңеюі, визалық рәсімдердің жеңілдетілуі, сондай-ақ қаланың табиғи, мәдени және гастрономиялық туризмді дамыту бағытындағы жұмыстары оң әсер еткен.
Цифрлық пікірлерді талдау нәтижесінде Алматыға келген туристердің жалпы қанағаттану индексі 82,6 балды құрады. Саяхатшылар қаладағы көрікті орындарды, қонақ үйлердің қызмет көрсету сапасын, мейрамханалар мен кафелерді, сондай-ақ қысқа мерзімге жалға берілетін орналастыру орындарын жоғары бағалаған.
Алматы қаласының Туризм басқармасы халықаралық туристік ағынды одан әрі арттыру үшін жаңа туристік өнімдерді дамыту, сервисті жақсарту және қаланың шетелдік нарықтардағы туристік әлеуетін ілгерілету жұмыстары жалғасатынын атап өтті.