Бізге жазылыңыз:

Алматыда инвесторлар есебінен қанша саябақ салынады

Алматыда инвесторлар есебінен қанша саябақ салынады
Алдағы уақытта олардың санын көбейту жоспарланып отыр. Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәліметінше, Алматыда бүгінгі күні бірнеше ірі саябақтың құрылысы жүріп жатыр. Олар — «Оңтүстік» саябағының солтүстігіндегі жасыл аймақтың құрылысы және Геологтар аллеясын күрделі жөндеу жобасы. Сондай-ақ Назарбаев даңғылының батысында, Ганди көшесінің солтүстігінде саябақ ашылмақ. Алайда бұл жоба аралас қаржыландыру арқылы, яғни жергілікті бюджет пен жеке инвестициялар есебінен салынып жатыр.

— Аталған нысандарды осы жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр, — деп хабарлады басқармадан.
Сонымен қатар инвесторлар қаражаты есебінен 2026 жылы пайдалануға берілетін бірнеше жоба бар. Олар: Түрксіб ауданындағы Баум тоғайының аумағын қалпына келтіру, Әл-Фараби даңғылынан Рысқұлов даңғылына дейінгі Есентай өзенінің жекелеген учаскелерін күрделі жөндеу және жағалауын абаттандыру, сондай-ақ Бостандық ауданында Flow Park саябағының құрылысы.

— Алдағы уақытта қоғамдық кеңістіктерді дамытуға жеке инвестицияларды тарту жоспарланып отыр, бұл жергілікті бюджет қаражатын оңтайлы және ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді, — делінген ведомство жауабында.
Бүгінгі таңда Алматы қаласында жалпы ауданы 1 200 гектардан асатын 473 қоғамдық кеңістік бар.

Атап айтқанда: 

— Алатау ауданында — 102 нысан, жалпы ауданы 144 га;
— Түрксіб ауданында — 62 нысан, 138,8 га;
— Әуезов ауданында — 71 нысан, 89 га;
— Бостандық ауданында — 36 нысан, 219 га;
— Алмалы ауданында — 49 нысан, 305 га;
— Жетісу ауданында — 65 нысан, 110 га;
— Наурызбай ауданында — 12 нысан, 10 га;
— Медеу ауданында — 76 нысан, 197 га.

Сондай-ақ бұған дейін Алатау ауданы Момышұлы көшесінде инвестиция есебінен 25 гектар аумақты қамтитын заманауи саябақ салынатынын жазғанбыз. Ол үшін 6 млрд теңге жұмсалады.

Ұқсас материалдар