Шетелдік білікті мамандар мен инвесторлар үшін қандай қолайлы жағдай жасалады
Қазақстанға жұмыс істеуге келетін шетелдіктер енді төрт категорияға бөлініп қарастырылады. Бұл жөнінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев мәлімдеді.
Ол ҚР Президентінің «Жоғары білікті мамандарды, шетелдік инвесторларды және кәсіпкерлерді тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында көші-қон саясатын жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын түсіндіруге арналған дөңгелек үстелде аталған тақырыпқа кеңінен тоқталды.
— Мемлекет басшысы бұл Жарлықты дер кезінде қабылдады. Өйткені, қазір жаһанда адам капиталы үшін бәсеке жоғары. Көптеген шетел білікті мамандарды, инвесторларды және кәсіпкерлерді тарту үшін арнайы бағдарламалар мен механизмдерді енгізіп жатыр. Соның ішінде әлемдік тәжірибеде сұраныстағы мамандар мен инвесторлар үшін «Алтын виза», цифрлық резиденттік және елге жеңілдетілген кіру механизмдері кең қолданылады, — деді вице-министр.
Оның сөзінше, Қазақстанға жұмыс істеуге келетін шетелдік азаматтар енді нақты және құрылымдық классификация аясында қарастырылады. Атап айтқанда, негізгі төрт категория бар:
• Бизнес-мигранттар;
• Айрықша білімі не құзіреті бар жоғары білікті мамандар;
• Орташа деңгейдегі білікті мамандар, яғни жұмыс берушілер қазіргі жүйе аясында тартатын жұмысшы мамандар;
• Жеке тұлғалар үй шаруашылығы үшін тартатын еңбек мигранттары.
Жоғарыдағы әр класқа жататын шетелдіктер үшін әртүрлі виза режимі енгізіледі. Онда Қазақстанға кірудегі мақсаты, біліктілік деңгейі және қанша уақыт болатыны көрсетіледі. Сонымен бірге, инвесторлар үшін арнайы виза енгізу қарастырылып жатыр.
— Бұл модельдегі басты элемент — жұмыс немесе инвестор визасының мерзімі өткеннен кейін, ұзақ мерзімді резиденттік мәртебесін алуға мүмкіндік бар. Ондай жағдайда шетелдік азамат ҚР азаматымен тең құқыққа және жеңілдіктерге ие болады. Нақтырақ айтқанда, салық жеңілдіктеріне, мемлекеттік қаржылық (соның ішінде банк) қызметтеріне, денсаулық сақтау жүйесі мен білім беру қызметтеріне, лицензиялық қызмет түрлеріне және т. б. мүмкіндіктерге жолы ашылады, — деді Ербол Тұяқбаев.
Сонымен қатар, әкімшілік рәсімдердің жеңілдетілуі, өтінімдерді қарау мерзімдерін қысқарту т. б. қарастырылған. Вице-министрдің сөзінше, мұның бәрі шетелдік мамандар мен инвесторларға қолайлы жағдай қалыптастырады.





