Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда саудаға салынған инвестициялар 22,3%-ға артты

Қазақстанда саудаға салынған инвестициялар 22,3%-ға артты

Қазақстанда сауда саласына инвестиция тарту қарқыны өсіп келеді. 2026 жылғы қаңтар–шілде айларында сауда және онымен байланысты бағыттарға салынған инвестиция көлемі 637,2 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,3%-ға артты.

Инвестициялық белсенділіктің жоғары өсімі бірқатар өңірде тіркелді. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстары, Шымкент қаласы, Қостанай, Абай және Маңғыстау облыстары, сондай-ақ Алматы қаласы бар.

Алматы сауда саласындағы инвестиция тартудың негізгі орталықтарының бірі болып отыр. Жеті айдың қорытындысы бойынша қалаға 204,3 млрд теңге инвестиция бағытталды. Түркістан облысында да көрсеткіш жоғары — мұнда инвестиция көлемі 88,7 млрд теңгені құрады.

Инвестициялардың экономикалық қызмет түрлері бойынша құрылымында ең үлкен үлес көтерме және бөлшек саудаға тиесілі. Бұл бағытқа 246,6 млрд теңге инвестиция салынған.

Қаражаттың едәуір бөлігі саудамен байланысты басқа салаларға да бағытталуда. Атап айтқанда, инвестициялар қаржы және сақтандыру қызметіне, жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқаруға, ғимараттарға қызмет көрсету мен аумақтарды абаттандыруға жұмсалуда.

Инвестиция көлемінің артуы сауда саласындағы іскерлік белсенділіктің күшейіп, оның инфрақұрылымдық базасының кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Жаңа жобалар заманауи сауда нысандарын дамытуға, жаңа форматтарды енгізуге және кәсіпкерлер үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталуда.

Сауда және интеграция министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және сауда инфрақұрылымын дамыту үшін қолайлы жағдай жасау жұмыстарын жалғастыруда.

Ұқсас материалдар