Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Changi Airport Group (CAG) бас директоры Ям Кум Вэнгпен кездесіп, авиация саласындағы бірлескен жобаларды талқылады.
Кездесу барысында Астананың әуежай инфрақұрылымын дамыту және елордада халықаралық авиациялық хаб қалыптастыру мәселелері көтерілді. Қазір қалада жаңа әуежайдың құрылысы жүргізіліп жатыр.
Олжас Бектенов Қазақстанның Сингапурмен авиация саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін атап өтіп, Changi Airport Group компаниясының халықаралық тәжірибесі мен технологиялық шешімдерін жаңа инфрақұрылымдық жобаларға тартудың маңызын айтты.
CAG Сингапурдағы Чанги және Селетар әуежайларын басқарады. Компанияның еншілес құрылымы әлемнің 20-дан астам еліндегі 60-тан астам әуежайдың инфрақұрылымын дамыту, басқару және бас жоспарлау жобаларына қатысады. Сондай-ақ компания биометрия, автоматтандыру және басқа да цифрлық технологияларды енгізуге басымдық береді.
Ям Кум Вэнг Қазақстанмен серіктестікті одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, Астананың Еуропа мен Азия арасындағы орналасуы оны ірі өңірлік авиациялық хабқа айналдыруға мүмкіндік береді.
Changi Airport Group басшысы жаңа әуежайды дамыту жобасы аясында компанияның сараптамасы мен халықаралық тәжірибесін ұсынуға дайын екенін айтты.
Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстан–Сингапур арасындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін растады. Ынтымақтастықтың келесі кезеңі Астанада заманауи әрі толыққанды әуежай экожүйесін қалыптастыруға бағытталуы мүмкін.





