Келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, инновациялық және гуманитарлық байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды.
ҚР Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Израиль сыртқы саяси ведомствосы басшысының Қазақстанға сапары екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға деген ортақ ұмтылысты айқындайтынын айтты.
– 2025 жылдың қаңтар–қараша айлары аралығында Қазақстан мен Израиль арасындағы тауар айналымы 162 млн АҚШ долларын құраған. Ал соңғы 20 жылда Израильден Қазақстан экономикасына шамамен 500 млн доллар көлемінде инвестиция тартылған, – деді Ермек Көшербаев.
Бұл кездесуде су ресурстарын тиімді басқару, ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапы Израильдің су үнемдеу технологиялары бойынша жинақтаған тәжірибесін жоғары бағалап, израильдік компанияларды бірлескен жобаларға шақырды.
Сондай-ақ тараптар өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі бекіткен «екі мемлекет – екі халық үшін» қағидатына негізделген палестиналық реттеуді қолдайтынын тағы да растады.
Өз кезегінде Израиль Сыртқы істер министрі Гидеон Саар Қазақстанды Израильдің маңызды серіктесі әрі дос елі ретінде атап өтті.
– Қазақстан – біздің сенімді әріптесіміз. Елдеріміз арасындағы қатынастар ортақ тарих пен демократиялық құндылықтарға негізделген. Біз Президент Тоқаевтың болашаққа бағытталған көреген саясатын жоғары бағалаймыз және осы серіктестіктің әлеуетін толық іске асыруға ниеттіміз, – деді Гидеон Саар.
Израиль тарапы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, оның ішінде киберқауіпсіздік, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және су ресурстарын сақтау салаларына инвестиция салуға дайын екенін жеткізді. Осы мақсатта Астанаға 30-дан астам бизнес өкілінен тұратын делегация келген.





