Астана қаласында «Қазақстан Республикасы – Америка Құрама Штаттары» бизнес-дөңгелек үстелі өтіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жолдары талқыланды. Іс-шара Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа бағыттарын айқындауға арналған маңызды алаңға айналды.
Кездесуге мемлекеттік органдардың, халықаралық компаниялардың, қаржы институттарының, бизнес қауымдастықтары мен сарапшылар ортасының өкілдері қатысты. Қатысушылар инвестициялар тарту, технологиялар трансфері, инфрақұрылымдық жобалар мен өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Іс-шара барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, ҚР Президентінің АҚШ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыхан, ҚР Президентінің кеңесшісі Мағзұм Мырзағалиев, АҚШ дипломатиялық миссиясы басшысының орынбасары Дебора Робинсон, «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев және АҚШ Сауда палатасының аға вице-президенті Хуш Чокси сөз сөйледі.
Қанат Шарлапаев Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық байланыстардың жылдар бойы нығайып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, америкалық компаниялар тәуелсіз Қазақстан экономикасына алғашқы болып стратегиялық инвестиция салған серіктестердің қатарында болды.
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров қазіргі таңда Қазақстанда 600-ден астам америкалық компания жұмыс істейтінін айтты.
«Бүгінде Қазақстанда 600-ден астам американдық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының бірлескен инвестициялары 100 млрд доллардан асты», – деді Әлібек Қуантыров.
Ол сондай-ақ Қазақстандағы ірі америкалық инвесторлар қатарында Chevron, ExxonMobil, PepsiCo, Mars, Cove Capital компаниялары мен Firebird-NVIDIA серіктестігін атап өтті.
Министрдің орынбасары ел экономикасының құрылымында елеулі өзгерістер болып жатқанын жеткізді.
«Қазақстанның мұнай-химия және металлургиядан бастап машина жасау және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге дейінгі жоғары қосылған құн салаларын дамыту үшін айтарлықтай әлеуеті бар. Бүгінде біз өндірісті жергіліктендіру және ішкі нарыққа да, экспортқа да бағытталған заманауи өнеркәсіптік кластерлерді дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер жасап жатырмыз», – деді А. Қуантыров.
Дөңгелек үстел аясында энергетика, көлік және логистика, цифрлық трансформация, қаржы секторы, инновациялар мен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Іскерлік сессияларға мемлекеттік органдармен қатар «ҚазМұнайГаз» ҰК, «Қазақстан темір жолы», Астана халықаралық қаржы орталығы, Freedom Holding Corp. және BI Group өкілдері қатысты.
Іс-шараның маңызды нәтижелерінің бірі ретінде «Атамекен» ҰКП мен АҚШ Сауда палатасының Америкалық–Қазақстандық іскерлік кеңесі арасында стратегиялық әріптестік жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат екі елдің бизнес қауымдастықтары арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және институционалдық ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған.
Бұдан бөлек, Әлібек Қуантыров АҚШ Сауда миссиясының делегациясымен жеке кездесу өткізіп, Қазақстан экономикасындағы әртараптандыру үдерістеріне тоқталды.
«Жиырма бес жыл бұрын шетелдік тікелей инвестициялардың шамамен 75%-ы мұнай-газ және металлургия салаларына бағытталған. Бүгінде оның үлесі шамамен 35%-ды құрайды. Бұл экономиканың терең әртараптандырылғанын көрсетеді», – деді А. Қуантыров.
Оның айтуынша, жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамыту бағытындағы табысты жобалардың басым бөлігі америкалық компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылып келеді.
Кездесу қорытындысында тараптар инвестициялық ахуалды жақсарту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және жаңа бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері бойынша диалогты жалғастыруға ниетті екенін растады.
Ұқсас материалдар
«Іскер аймақ» бағдарламасы аясында 23 мыңға жуық жобаға қолдау көрсетіледі
- 23 желтоқсан, 2025





