Бізге жазылыңыз:

Қазақстан азаматтарын лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету мәселесі әрдайым өзекті

Қазақстан азаматтарын лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету мәселесі әрдайым өзекті
Адам өмірінің ұзақтығы артып, инфляциялық қысым күшейіп жатқан қазіргі жағдайда тек мемлекеттік қолдауға үміт артып қана қоймай, жеке зейнетақы жинақтарын белсенді түрде қалыптастыру қажет, өйткені елімізде зейнетақы жүйесінің жинақтаушы құрамдас бөлігіне баса мән беріліп отыр, ал оның негізгі қағидасы — қаншалықты көп жинасаң, болашақта соншалықты көп аласың.

Қазіргі таңда қазақстандықтардың зейнетақысы мынадай көздерден құралады:
міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) — жұмыс беруші қызметкердің ай сайынғы жалақысының 10%-ын зейнетақы қорына аударады;
міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) — зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің табысының 5%-ын жұмыс беруші өз қаражаты есебінен аударады;
жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) — 2024 жылы 1,5%-дан басталып, 2028 жылға қарай кезең-кезеңімен 5%-ға дейін ұлғайтылады, 2025 жылы 2,5%-ды құрайды (жинақтаушы зейнетақы жүйесінің бұл құрамдас бөлігі 2024 жылы енгізілді және 1975 жылы және одан кейін туған барлық қызметкерлер үшін жұмыс берушінің қаражаты есебінен төленеді);
ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) — зейнетақы төлемдерін алушының пайдасына жеке де, заңды тұлғалар да аудара алатын қаражат.
Бүгін ерікті зейнетақы жарналарына тоқталамыз, бұл — салымшылардың өз қалауымен БЖЗҚ-ға аударатын қаражаты. Мұндай жарналарды жеке тұлғалар өз пайдасына, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар үшінші (жеке) тұлғалардың пайдасына аудара алады.

Соңғы бірнеше жылда бұл жарна түріне қызығушылық едәуір өсті. Мәселен, 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қазақстандықтардың ЕЗЖ бойынша жинақтары 8,5 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 37,5%-ға артты. Бұл — басқа зейнетақы жарналары түрлерімен салыстырғанда ең жоғары өсім. Ал жыл басынан бері ЕЗЖ үшін ашылған жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны 2,4%-ға өсіп, 450 мыңға жетті.
Ерікті жарналар арқылы жинақтардың күрт өсуі 2022 жылдан бері үздіксіз жалғасып келеді. Бұған бірқатар себептер бар: заңнамадағы өзгерістер, шот ашу және оны толықтыру рәсімдерінің жеңілдетілуі, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорынан талап етілмеген сомалардың ЕЗЖ үшін ашылған ЖЗШ-ға аударылуы, сондай-ақ мұндай жарнаның артықшылықтары. Сонымен қатар халықтың қаржылық сауаттылығының артуы да азаматтарды өз болашағына саналы түрде инвестиция салуға ынталандырып отыр.

Ұқсас материалдар