
Оның сөзіне қарағанда, бірінші жартыжылдықта жедел деректер бойынша 683,1 млн теңгеге 163 452 бұзушылық анықталды. Соның ішінде медициналық көмек көлемінің негізсіз ұлғаюы тең жартысына жуық (47,7 пайыз) болса, медициналық көмекті негізсіз көрсету — 22,74, сондай-ақ емдеу-диагностикалық шаралардың медициналық қызметтердің стандарттарынан, денсаулық сақтау саласындағы ережелерден негізсіз ауытқуы — 9,22 пайыз.
— Биыл облыстық филиал 56 медициналық ұйыммен келісім-шарт жасасса, соның 38-і немесе 68 пайызы — мемлекеттік, 18-і (32 пайызы) жеке меншікте. Жыл басынан бері 51 медициналық ұйымға 9,7 млрд теңге көлемінде алдын ала аванс берілді. Алты айда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында және МӘМС жүйесінде денсаулық сақтау нысандарына 39,6 млрд теңге төлем жасалды. МӘМС жүйесінде қаражат толық төленіп, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша жоспарланған соманың 62 пайызы төленді, — деді С. Болысбекова.
Оның нақтылауынша, 2017 жылдың 1 шілдесінен бері МӘМС жүйесінде БҚО тұрғындарынан Ұлттық банктегі қордың есепшотына 110 млрд теңге жиналған. Ал биылғы алты айда 14 млрд теңге түскен. Яғни бұл қаржы Ұлттық банкте жинақталып, әр филиал көрсетілген медициналық қызметке сәйкес төлеп отырады.