
Salyq Кэшбэк пилоттық жобасы былтыр 15 тамыздан басталған. Алғашында Семей қаласы мен Ақмола облысындағы Ақкөл ауданында жүргізілген жоба қазір 46 өңірде жұмысын жалғастырып жатыр.
— Әуелі, 15 тамыздан жыл соңына дейін 2 өңірде сынақтан өткіздік. Осы кезеңде 2 аймақтағы тұрғындардың чек талап етуі едәуір ұлғайды. Яғни, чектердің саны 2 есеге артты. Ал биыл 46 ауданда әзірленді. Қазір тәртіптің 18 пайызға артқанын байқап отырмыз, — дейді басқарма басшысы.
Amian қосымшасы арқылы фискалдық чектегі QR-кодты сканерлесеңіз, саудаға жұмсаған қаржыңыздың 2 пайызын кэшбэк ретінде қайтаруға болады. Бұл шағын және орта кәсіпкерліктен алынатын фискалдық чектерге ғана қатысты. Алайда 1 айда 70 чектен артық тіркей алмайсыз. Ең көп сыйақы мөлшері — 20 мың теңге.
— Жыл соңына дейін осы пилоттық жобаны мүмкіндігінше көп аудандарда жүзеге асырып, кейін Салық кодексіне белгілі бір өзгертулер енгізу және осы жобаны мемлекет деңгейінде жүргізіп, кассалық тәртіп деңгейін көтеруді жоспарлап отырмыз, — дейді маман.
Бұл жобаның басты мақсаты — еліміздегі кассалық тәртіпті сақтау және оның деңгейін арттыру. Дәл осы себептен Salyq Кэшбэктен бөлек тағы 3 жоба жұмыс істейді.
— Бұдан өзге тағы «Чекті талап ет», «Бәйге», «Әмиян және Халық банк» пилоттық жобалары жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде 200 мыңнан астам тұрғын жобаға қатысып, сыйақы алып үлгерді, — дейді Ерқанат Шынберген.