261 млрд: Назарбаев университеті мен мектептері бюджеттен қыруар ақша алады

Университет
Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен аталатын білім беру мекемелері тағы үш жыл бойы бюджеттен қыруар қаражат алады. Қаржы министрлігінің ресми сайтында жарияланған құжатқасәйкес, бір ғана Назарбаев университетінің өзі үш жылда, Ғылым және жоғары білім министрлігі арқылы, шамамен 126 млрд теңге алады.
Атап айтқанда, университет 2026, 2027 және 2028 жылдары 42 млрд теңгеден алып отырады. Салыстырар болсақ, бұл «Болашақ» бағдарламасына қарастырылған 28,5 млрд теңгеден әлдеқайда көп.
Бюджет жобасында көрсетілгендей, қомақты қаражат «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлау және «Назарбаев университеті» дербес білім беру қызметін ұйымдастыру жөніндегі қызметтер» үшін төленеді.
Экс-президент есімімен аталатын университет Денсаулық сақтау министрлігі арқылы да қомақты қаражат алатыны мәлім болды. Заң жобасында «Назарбаев Университеті» ДБҰ-ға трансферттер» деген сипаттамамен бюджеттен үш жылда тағы 1,3 млрд теңге бөлінетіні жазылған.
Мектептер
Сонымен бірге, Назарбаев Зияткерлік мектептеріне бюджеттен үш жылда132,2 млрд теңге аударылады. 2026 жылы 43,4 млрд, 2027 жылы 44,1 млрд, ал 2028 жылы 44,7 млрд теңге бөлінеді. Қомақты қаражат Оқу-ағарту министрлігі арқылы «мемлекеттік білім беру тапсырысы» үшін жұмсалады.
Бұрынғы бірінші ханым Сара Назарбаева құрған «Бөбек» те 325 млн теңге алады. Қаражат «мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» тапсырысы үшін төленеді.
Университет, мектептер, «Бөбекке» үш жылда бөлінетін ақшаны қоса есептегенде, бәрі 261 млрд теңгеден асып кетеді.
Биыл жазда 85 жасқа толған Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды шамамен отыз жыл басқарды. Тұңғыш президент биліктен кеткенімен, экс-президент пен оның отбасы мүшелерінің ықпалы азая қойған жоқ.
Назарбаев халықаралық деңгейдегі университет құруды 2006 жылы ұсынған. Ал 2011 жылы «Назарбаев университетінің, зияткерлік мектебінің және қорының мәртебесі туралы» заң қабылданған. Қазір университеттің, зияткерлік мектептің, сонымен бірге «Бөбек» орталығының құрылтайшысы – Үкімет.